Жетісу облысында дәстүрлі "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Биыл өңірде 16 750 балаға көмек көрсету жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтеді. Оның мақсаты – балаларды мектепке толық қамту және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету.
Өткен жылы бастама аясында облыста 16 656 оқушыға жалпы сомасы 214 млн теңгеден астам материалдық көмек көрсетілген.
Қазір акцияны насихаттау жұмыстары жүргізіліп, елді мекендерде ақпараттық баннерлер орнатылуда. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының әлеуметтік желілерінде түсіндіру жұмыстары қолға алынған.
Аудандық және қалалық әкімдіктердің ұйымдастыруымен мектеп тауарларын жеңілдетілген бағамен ұсынатын қайырымдылық жәрмеңкелері де өтіп жатыр. Бұдан бөлек, балалардың сабақтан себепсіз қалуын және қараусыз жүруін анықтау үшін "Түнгі қаладағы балалар" және "Жасөспірім" профилактикалық рейдтері ұйымдастырылуда.