Жетісуда су тасқыны кезеңі әдеттегіден ерте басталды

190

Бұған ауа температурасының күрт көтерілуі мен жауын-шашын себеп болған. 

Жетісуда су тасқыны кезеңі әдеттегіден ерте басталды Фото: Жетісу облысы ТЖД

Жетісу облысы аумағында гидрологиялық жағдай тұрақты. Алайда биыл өңірде су тасқыны кезеңі әдеттегіден ерте басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жетісу облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабековтің айтуынша, қардың қарқынды еруі 4 ақпанда басталған. Жалпы өңірде 49 су басу қаупі бар елді мекен тіркелген. Оның 48-інде қауіп барынша азайтылған.

– Биыл су тасқыны кезеңі ауа температурасының жоғарылауына және жауын-шашынға байланысты әдеттегіден ерте басталды. Қардың қарқынды еруі 4 ақпаннан басталып, белсенді кезеңі 11–20 ақпан аралығына сәйкес келді. Жағдай күн сайын бақылауда болды, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, – деді Ринат Тазабеков.

Мәліметінше, облыстағы 48 су бұру каналының 31-і арқылы тасқын сулары транзиттік режимде қауіпсіз өтті. Дегенмен жергілікті сипаттағы су басу деректері Ақсу ауданы Алтынарық ауылында, Талдықорған қаласындағы "Қызыл тас" саяжай қоғамында, сондай-ақ Қаратал ауданы аумағындағы облыстық маңызы бар автожолдардың екі учаскесінде тіркелді.

– Тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандары зардап шеккен жоқ. Жол қозғалысына шектеу енгізілген жоқ, – деп атап өтті Ринат Тазабеков.

Қазіргі уақытта жазық аумақтарда қар жамылғысы 51% деңгейінде сақталса, таулы өңірлерде қар қалыңдығы 146 сантиметрге дейін жетеді. Қазгидромет болжамына сәйкес, наурыз айында жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады деп күтіледі.

Өзендердегі су тасқыны жағдайын бақылау үшін 60 гидробекет жұмыс істейді. Су деңгейі көпжылдық көрсеткіштерге сәйкес және өзен арналарында сең кептелісі байқалмайды. Өңірдегі 8 су қоймасының 5 су жинақтау режимінде жұмыс істеп тұр. Орташа толымдылығы – 51%. Барлық 114 гидротехникалық нысан күшейтілген бақылауға алынған.

Жалпы облыс аумағында су тасқынына дайындық жұмыстары алдын ала жүргізілді. Өткен жылы басталған 26 инженерлік іс-шараның 24-і толық аяқталды. 3 шақырым қорғаныс дамбасы салынды, 14,8 шақырым арық жүйесі орнатылды, 24 шақырым өзен арналары тазартылып, тереңдетілді. Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенін бекіту жұмыстары 65% орындалды, Қаратал ауданындағы топырақ дамбасын жөндеу 10% деңгейінде.

Қазсушар РМК Жетісу облысы филиалы директорының орынбасары Бақыт Әбішевтің айтуынша, су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

– Филиал гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі мен су деңгейін тұрақты бақылауда ұстап отыр. Ескелді ауданында және Қызылағаш су қоймасында заманауи акустикалық хабарлау жүйелері орнатылған. Су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, тасқын суларын қабылдауға қажетті резервтер қамтамасыз етілген, – деді ол.

Өңірде ықтимал төтенше жағдайларға ден қою үшін 130 мың қап, 5,5 мың тонна инертті материал және 82 тонна жанар-жағармай дайындалған. 235 эвакуациялық пункт әзірленіп, резервте 2,6 млрд теңге қарастырылған.

Құтқару жұмыстарына 2965 адам, 534 техника, 193 мотопомпа және 27 жүзу құралы дайын тұр.

Төтенше жағдайларға дайындық мақсатында облыста 130 мың қап, 5,5 мың тонна инертті материал, 82 тонна жанар-жағармай және 235 эвакуациялық пункт әзірленді. Төтенше жағдайлар резервінде 2,6 млрд теңге қарастырылған. Құтқару жұмыстарына 2965 адам, 534 техника, 193 мотопомпа мен 27 жүзу құралы сақадай сай тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу