Жетісу облысында цифрлық технологиялар мемлекеттік басқару, көлік, ТКШ, қауіпсіздік және медицина салаларына енгізіліп, өңірді Smart Region моделіне көшіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл басынан бері тәулік бойы жұмыс істейтін "109 қызметіне" 14 мың өтініш түскен. Ал TARGET-AI жүйесі 33 локацияда жұмыс істеп, бейнеаналитика және жүзді тану мүмкіндігі бар 87 камераны қамтып отыр. Жыл соңына дейін олардың санын 150-ге жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар 68 кешен жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейді.
Талдықорғанда су мен жылу шығынын есептейтін 2,6 мыңнан астам ақылды құрылғы орнатылды. Қаладағы барлық автобус ONAY! жүйесіне қосылған, 21 ақылды аялдама жұмыс істейді.
Жасанды интеллект медицина саласында да қолданылып жатыр. Үш инсульт орталығында Cerebra жүйесі инсульт пен миға қан құйылу белгілерін анықтауға көмектесіп, 2 172 компьютерлік томография зерттеуін талдаған.
IT саласына қызығушылық танытқандар үшін Jetisu Digital алаңы жұмыс істейді. Биыл онда 57 іс-шара өткізіліп, 1 380-нен астам адам қатысты.
Цифрлық шешімдерді енгізу өңірдегі қызмет көрсету сапасын арттырып, басқару мен инфрақұрылымды заманауи технологиялар арқылы дамытуға мүмкіндік беріп отыр.