Жетісуға биылғы жазғы маусымда 2 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде

373

Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.  

Жетісуға биылғы жазғы маусымда 2 миллионнан астам турист келеді деп күтілуде Фото: gov.kz

Жетісу облысында туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жетісу облысында биылғы жазғы маусымда облысқа болжаммен 2 миллионнан астам турист келеді. Осы жылы салада 7 мың адам жұмыспен қамтылады, оның 1 200-і тұрақты жұмысқа орналастырылады. Жалпы, Жетісу облысының туристік дамуы 5 басым бағыттағы дестинацияларға негізделген. Олар – Алакөл мен Балқаш көлдері, "Алтынемел" мен "Жоңғар Алатауы" ұлттық парктері, сондай-ақ Жоңғар Алатауының тау жотасы", – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, өңірде дербес Туризм басқармасы құрылды. "Алакөл Тазалық" және "Балқаш Тазалық" коммуналдық кәсіпорындары құрылып, 43 бірлік техникамен, 87 штат бірлігімен қамтылды. Жалпы су пайдаланудың қағидалары бекітілді.

Бұл ретте Алакөл және Балқаш көлдері жағалауында инфрақұрылым дамытылуда:

– Бескөл және Ақши ауылдары аралығында 57 км электр желісі мен 2 қосалқы станцияның құрылысы аяқталып, электрмен жабдықтау мәселесі толығымен шешілді. Ақши ауылында 69,7 км кәріз желілері салынды, тазарту қондырғыларының құрылысы жүргізілуде, аяқталу мерзімі – осы жылдың қараша айы. Өткен жылдан бері жағалауды бекіту бөгетін салу жұмыстары жүріп жатыр, бүгінге 2,2 км салынды, жұмыстар жалғасуда. Көл жағалауындағы қоқыс шығару мәселесін шешу үшін 10 гектар жерге тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді, – деді Ә. Жақанбаев.

Балқаш көліне апаратын 137 шақырым жол қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Лепсі ауылынан көл жағалауына дейін электр және су желілері тартылып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар жағалауда үш коммуналдық жағажай салынып жатыр, оның екеуі биыл пайдалануға беріледі. Лепсі станциясындағы жаңа теміржол вокзалы тамыз айында ашылады.

Туристер үшін жағалауларда қоқыс контейнерлері, киім ауыстыратын орындар, биодәретханалар, құтқару мұнаралары мен пирстер орнатылған.

Экологиялық туризмді дамыту мақсатында "Алтынемел" ұлттық паркінде және Тополевка ауылында визит-орталықтар ашылды. Сондай-ақ Жасылкөл көліне апаратын жол құрылысы биыл аяқталып, Бұрқанбұлақ сарқырамасына баратын жол жаңартылуда.

Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 22 мың төсек-орын болатын 393 орналастыру орны жұмыс істейді. Туристік қызмет көлемі 9 млрд теңгеден асып, жеке инвестициялар есебінен 21 демалыс орны салынып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу