Microsoft компаниясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс жасанды интеллект миллиондаған жұмыс орнының жойылуына, жаңа биологиялық қарудың жасалуына және биліктің санаулы корпорацияның қолына шоғырлануына әкелуі мүмкін деп есептейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Технологиялық миллиардер өзінің жаңа эссесінде кейбір мамандықтарды болашақта тек адамдар атқаратындай етіп сақтап қалуды ұсынды.
"Көптеген жұмыс орындары біржола жойылады", – деп жазды Билл Гейтс.
Оның айтуынша, бұл әсіресе заңгерлік қызмет, клиенттерге қызмет көрсету, медицина, бағдарламалық жасақтама әзірлеу және өнеркәсіп сияқты салаларға қатты әсер етеді. Жасанды интеллект уақыт өткен сайын көп міндетті өз мойнына алып келеді. Оның пікірінше, бұл өзгеріс бірнеше ұрпақтың емес, "бір онжылдықтың ішінде" жүзеге асады.
"ЖИ мен роботтар жетіле түскен сайын, кейбір істерді тек адамдардың өзіне қалдырамыз деп ойлаймын", – деді Гейтс.
Ол мұндай міндеттерді сипаттау үшін "Human Reserved" ("Адамдарға арналған") деген термин ұсынған, яғни бұл табиғаты жағынан адамға ғана тән жұмыстар туралы болып отыр.
Гейтс бұған мысал ретінде 6 жыл бұрын Альцгеймер ауруынан қайтыс болған әкесіне күтім жасаған кезін еске алады. Әкесіне қараған адамдардың еңбегі туралы айтты.
"Олардың әкеме көрсеткен қамқорлығында орны толмас бір адами қасиет болды. Мұны ешбір робот жасай алмас еді және жасамауы да керек... Сізге айықпас ауруға шалдыққаныңызды робот хабарлап тұрғанын елестетіп көріңіз. Техникалық тұрғыдан алғанда, оның мұны жасауына еш кедергі жоқ. Бірақ ол мұны жасамауы керек", – деп жазды ол.
Гейтс сондай-ақ ЖИ биологиялық қару жасауды жеңілдетуі мүмкін екенін ескертеді. Оны адамның шешім қабылдау процесіне қатысуынсыз өлімге әкелетін күш қолдана алатын автономды қарудың пайда болуы да алаңдатады.
Бір қызығы, Гейтс технология саласының басшыларын бұл қауіптерді әдейі төмендетіп көрсетуге тырысады деп айыптайды. The New York Times газетіне берген сұхбатында ол жетекші технологиялық компаниялардың басшылары туралы ой бөлісті.
"Қазір олар бір-біріне: "Мұны айтпағаның дұрыс. Бұл бізге зиян келтіреді. Біз келесі триллион долларды тартуға тырысып жатырмыз ғой" дейді. ЖИ адамзат тарихында бұрын-соңды ойлап табылған ең ұлы теңестіруші күшке айналады немесе теңсіздіктің ең үлкен қайнар көзі болады. Тіпті бәрі жақсы болған күннің өзінде, ЖИ-дің жаңа дәуіріне өту адамзат тарихындағы ең аласапыран кезеңдердің біріне айналады", – деп түйіндейді Гейтс.