Wikipedia Foundation ұйымы онлайн энциклопедияны нақты пайдаланушылар санының айтарлықтай төмендегенін ашық айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әлбетте, мамандар бұндай жайтты жасанды интеллект технологияларының белсенді енгізілуімен байланыстырған, себебі онда іздеу жүйелері ақпаратты тікелей өз нәтижелерінде жинақтайды, пайдаланушыға солай ұсынады.
"ChatGPT, Perplexity сияқты жүйелер Wikipedia мазмұнын пайдаланады, сұраушыға жауап береді, бірақ адамдарды сайтқа кірмей-ақ ақпарат алуға үйретуде" деп алаңдайды Wikipedia редакторлары.
Яғни, жасанды интеллектінің "кесірінен" сайтқа келушілер саны күрт азайған.
Тіпті, Wikipedia-ның трафигі кей салаларда 20%-ға дейін төмендеген. Бұл ерікті редакторлардың белсенділігіне және мақалалардың сапасына әсер етуі мүмкін.
Интернеттегі жалпы үрдіс те осыны растаған. Ірі іздеу жүйелерінің талдауынша, іздеу сұрауларының небәрі 1-2 пайызы ғана бастапқы дереккөзіне өтумен аяқталады. Себебі, көпшілік ЖИ қалыптастырған қысқаша жауаптармен-ақ тоқтайды, ақпаратты әрі қарай терең талдамайды.
Wikipedia өкілдері пайдаланушыларды жасанды интеллект арқылы алынған мәліметтердің түпнұсқасын тексеруге және дереккөзге өтуге шақырып отыр.