"Жігіттердің қолынан ұстап, тиіскен": Нартай Сәрсенғалиев блогерсымақтарды жауапқа тартуды ұсынды

336

Оның сөзінше, пранк жасаушылар шетелге барып абыройды айрандай төгіп жүр. 

"Жігіттердің қолынан ұстап, тиіскен": Нартай Сәрсенғалиев блогерсымақтарды жауапқа тартуды ұсынды Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиевтің әлеуметтік желілерде қауіпті пранктердің кеңінен таралуына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қазір қоғамда пранкпен парақшасындағы лүпілдің санын арттырғанмен парасат биігінен омақаса құлағандар қаптап кетті. Адамды қорқытуды, қоғамдық орында ақымақтық жасауды қызық көріп әзілдің шекарасынан шығып кеткен әркімдер әлеуметтік желіде әлек салуды доғармай тұр. Нақты мысал айтайын. Астана қаласында блогер достарымен бірге лифттің ішіне "жалған мәйітті" кіргізіп, кейін жарықты өшіреді. Сол сәтте мәйіт кейпіндегі адам қозғала бастайды. Жеделсатының ішінде болғандардың жан даусы шықты. Елорданың тағы бір тұрғыны жеделсатыға тапаншамен кіріп, оны адамдарға кезеп жұрттың зәре-құтын алды", – деді депутат.

Бұдан басқа Алматыда блогерлер аула сыпырушыларға қоқыс лақтырып, мазақ етіп бейнежазба түсіріп таратты. Нартай Сәрсенғалиев мұндай мысалдар көп екенін жеткізді. Оның айтуынша, желіге желімдей жабысқандар "пранк" деп атайтын бұл әрекеттердің ақылға томпақ екенін аңғару қиын емес. 

"Ол ол ма, біздің блогерсымақтар шетелге барып абыройды айрандай төгіп жүр. Мәселен, қазақстандық блогер Аружан Айбекова Қытайда "ұрлық жасап жатқандай" ролик түсірген. Арты үлкен шу болып, ақыры әлгі қыз жергілікті полицияға шақырылды. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ ол түсінді ме? Өйткені дәл осы блогердің арада аз уақыт өткенде Ташкент метросында жігіттердің қолынан ұстап тиіскені туралы бейнежазба тағы тарады. "Ойыннан да омыртқа сынатынын" білмейтін мұндай блогерсымақтарды қатаң жауапқа тартатын кез келді. Себебі бұл адамның жеке өміріне қол сұғу, қоғамдық тәртіпті бұзу", – деді мәжілісмен.

Депутат пранк деген парықсыз әрекеттің тағы бір түрі пайда болғанын айтты. Оның сөзінше, бұл жасанды интеллектпен жасалады. 

"Бірінде мемлекет басшыларының, лауазымды тұлғалардың қандай да бір дүкенге сауда жасауға келгені бейнеленген. Цифрлық технологияны білмейтін адамның санасы сан саққа жүгіреді, сеніп қалады. Маркетинг үшін деп жасанды интеллект арқылы мұндай жасандылыққа жүгінуді тоқтату керек. Тағы бір пранкте балалар ата-аналарына "танымайтын адам үйге келіп тұр, не істейміз?" деп жасанды интеллект арқылы беймәлім адамның үйге кіріп кеткен, пәтерді аралып жүрген суреттерін жібереді. Зәресі ұшқан ата-ана полицияға телефон шалады, жұмысын тастап үйіне барады. Ақырында бұл пранк деп бала-шаға бейқам отырады. Дәл сол уақытта полиция шын мұқтаж адамға көмекке баруға үлгермей қалуы мүмкін, оны интернеттің инесіне отырғандар ұқпайды. Ол ол ма, жуырда бір блогердің тірідей табытқа жатып, өзін көміп, "24 сағат табытта" атты челлендж бастағанын қоғам қатаң сынға алды", – деп атап өтті ол.

Нартай Сәрсенғалиевтің ұсыныстары:

– Пранк барысында қоғамдық тәртіпті бұзған, жеке адамның өміріне қол сұққандарды анықтап, олардың бірыңғай тізімін жасап жариялау. 

– Қауіпті пранк арқылы адамның ар-намысы мен абыройына қол сұққандардың әлеуметтік желідегі парақшаларын дереу бұғаттау.

– Әлеуметтік желі әкімшілерінен қауіпті пранктер мен бейнежазба жарияланған парақшаларды анықтап, уәкілетті органға жедел хабарлауды талап ету.

– Мұндай теріс құбылыстың алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде, нәтиже беретін контент ретінде  жүргізу.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу