Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев азаматтарды ауылдық жерлерге көшіруді ынталандыру бойынша мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат соңғы 34 жылда көптеген елді-мекен болашағы жоқ деп жабылғанын айтты.
"Алдағы уақытта тағы да 2 мыңға жуық ауыл жабылуы мүмкін деген қауіп бар. Сондағы айтатындары инженерлік инфрақұрылым мемлекет мойнына үлкен жүк болады-мыс деген уәж. Мемлекет ауыл тұрғындарына шағын кәсіп ашуға, шығарған өнімдерін өткізуге көмектесу орнына, оларды осылайша одан әрі сергелдеңге салмақ. Ауылдарды жабу – қордаланған мәселені шиеленістірмесе, шешпейді, ауылдықтар қалаға келіп әлеуметтік қажеттілікті одан сайын көбейтпей ме?", – деді Жигули Дайрабаев.
Оның айтуынша, ауылды жерлерді дамытуға бағытталған бағдарламалар нәтижелі болғанымен, қордаланған мәселелерді толық шеше алған жоқ. Ал қазіргі қолға алған іс-шаралар аздық етед, дейді депутат.
"Ауылды, әсіресе, шекаралық аймақтардағы елді мекендерді сақтап қалу – тек экономикалық тұрғыдан емес, мемлекет қауіпсіздігінің басты факторы екенін ұмытпайық", – деді мәжілісмен.
Осы мәселеге байланысты депутат бірқатар ұсыныс тастады:
- Шалғай және шекара маңындағы ауылдарда өмір сүру сапасын жақсартуды көздейтін, оларды дамытуға бағытталған жеке шешім қабылдау;
- Қоныс аударушылар үшін тұрғын үй құрылысына немесе үй сатып алуға арналған субсидиялар көлемін ұлғайтып, коммуналдық төлемдер мен инфрақұрылымдық шығындарды жабуға арналған өтемақы қарастыру;
- Қаладан ауылға көшетін ауыл шаруашылығы саласының мамандарына мақсатты мемлекеттік субсидиялар мен жеңілдетілген техникалық несие ұсыну;
- Ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға жер телімдерін рәсімдеуді жеңілдетіп, жас фермерлерге арналған оқыту бағдарламаларын енгізуді және "бір ауыл – бір кооператив" қағидаты бойынша жергілікті агрокооперацияларды дамыту;
Әр аудан әкімдігі жанынан арнайы жобалық кеңселер құрып, көші-қон, әлеуметтік көмек, жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселелерін бір орталық арқылы шешетін "бір терезе" қағидатын енгізу.
Сонымен қатар кәсіп ашқысы келетін азаматтарға гранттар мен жеңілдетілген несиелер беру және елдімекендердің дамуына көмек беру де ұсынылды.