Жоғарғы Сот шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаның өтелмеген бөлігін жеңіл түрге ауыстыру және жаза мерзімін қысқарту мәселелеріне қатысты нормативтік қаулыға түзетулерді талқылау үшін дөңгелек үстел өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кездесуде құқық қолдану тәжірибесіне терең талдау жасалып, ғылыми негізделген ұсыныстар әзірленді. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина ШМББ және ЖЖА институттарының сотталғандарды түзетуге ынталандырудағы маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, түзетулер жәбірленушілердің мүдделерін қорғау мен сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге жағдай жасау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Нормативтік қаулы жобасында:
- Залалды өтеуді бағалауда икемді тәсіл енгізу;
- Кәмелетке толмағандарға қатысты жазаны жеңілдету мүмкіндіктерін нақтылау;
- Сотталушының мінез-құлқын бағалау тәртібін жетілдіру;
- Жәбірленушілердің пікірін ескеруді күшейту қарастырылған.
Талқылау барысында Жоғарғы Сот судьясы Нұржан Жолдасбеков, Алматы облыстық сотының өкілі Айбек Әбу, Абай аудандық сотының төрағасы Мырзабек Байғаскин, адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Аманжол Мұхамедьяров және басқа да қатысушылар өз ұсыныстарын білдірді.
Айтылған пікірлер нормативтік қаулы жобасын жетілдіру барысында ескерілетін болады.