Жойылған Тұран жолбарысын Амур жолбарысы алмастырмақ

1431

 Atameken Business телеарнасының "Анығын айтсақ" бағдарламасында Тұран жолбарысы сөз болды.  

Жойылған Тұран жолбарысын Амур жолбарысы алмастырмақ

Қазақтың қамысты және тоғайлы аумақтарында ғасырлар бойы жолбарыстар жортып жүрген екен. Оның тұқымы Тұран жолбарысы деп аталған. Олар өте ірі болған, салмағы 250-300 келіден кем түспеген. Қиыр Шығысты мекендейтін Амур жолбарысының тұқымы Тұран жолбарысына келіңкірейтінін мамандар айтып жүр.  

Жерімізге Ресейдің патша үкіметі араласа бастаған тұстан Тұран жолбарысының көбеюі де тоқтады. Келген әскерилер бастап, қазақтың аңшылары қостап, жолбарыстарды атып жоя бастады. Ақыры олар бірте-бірте не таусылды, не болмаса қалғандары жер ауып кетті. Соңғы жолбарысты адамдар осыдан сексен жылдай бұрын көрген екен.

Армысыздар, ағайын! Бұл – "Анығын айтсақ" бағдарламасы.

Қазақтың қамысты және тоңайлы жерлеріне жолбарыс жіберу жобасының басталғанына оншақты жыл болды. Ал күні кеше өткен Қазақстан мен Ресейдің XVII өңіраралық форумында жолбарыс мәселесі талқыға түсті. Форумда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Тұран жолбарысы популяциясын қалпына келтіру жоспары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

"Олардың соңғылары өткен ғасырдың 30-жылдары байқалған. Кейін Ұлы Отан соғысының алдында Қазақстан аумағынан жоғалып кетті. Бұл дала барыстары. Олар кезінде азулы барыс болған. Сондықтан қазір осы барыстардың популяциясын қалпына келтіру үшін халықаралық жоба дайындап жатырмыз. Оларды Тұран барысы дейтін. Ресей мамандарын осы өте қызық жобаға қатысуға шақырамыз. Бұл келешегі бар жоба деп ойлаймын".

Форумға қатысқан Ресей президенті Владимир Путин Қазақстаның табиғатына жолбарыс жіберу мәселесіне ден қойды. Ол жойылуға жақын қалған жан-жануарларды көбейтудің Ресейдегі тәжірибесімен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәселенің оңай еместігін, алайда мамандар тырысып көруі керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

"Биологтар оларды қалпына келтіру үшін жұмыс істеп көруі тиіс. Қазақстан аумағында болған популяцияны. Бұл мақсатқа 100 пайыз жету мүмкін болмаса да, тырысып көру керек. Бізге басқа елдердің мамандары көмектесіп жатыр. ЮНЕСКО мен басқа да халықаралық ұйымдардың статусы бар. Ресей тарапынан да қолдау өте маңызды".

Тұран жолбарысы  Шығыс Қазақстан мен Алтай өңірінде көп болған. Іле бойына және Балқаш көлінің қамысына да қалың тараған.

Жолбарыстың Тұран жолбарысы аталған түрі Қазақстанның өзге өңірлерін де мекендеген. Олар Жетісуда, Сыр бойында, Шуда да аз болмады. Жемтік аңдып күніне аз дегенде 100 шақырымды жортып өтетін болыпты.

Бір деректерде Жетісуда адамдар Тұран жолбарысын 1940 жылы көргені айтылады. Содан бірнеше жыл өткенде Іле өзенінің төменгі етегінен ізін көргендер болған.  

1933 жылы Іле өзенінің бойында қолға түсірілген Тұран жолбарысының тұлыбы Алматыдағы Биология мұражайына қойылған.

Тұран жолбарысының баяғыда мекен еткен аймақтарын мамандар көп зерттеген. Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының президенті Игорь Честиннің айтуынша, жолбарысты жерсіндіруге Қазақстаннан басқа елдерде қолайлы орын жоқ.

Игорь Честин, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының президенті:

"Жолбарыс популяциясы үшін көлемі зор, адам қоныстанбаған аумақтар қажет. Амал не, Әзербайжанда, Арменияда, Грузияда, Иранда, Қырғызстанда, Қытайда, Тәжікстанда, Түрменстанда және Түркияда жолбарыс тіршілік ететіндей жер қалмады. Ақыры Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасы қолайлы болады деген тоқтамға келдік. Сол өңірдің ұңғыл-шұңғылына дейін барлап, Қазақстан ғылым академиясының зоология институтымен бірлесіп, үлкен есеп әзірледік".

Оның сөзінше, Іле-Балқаш өңірінде халық сирек қоныстанған және экожүйесі де жолбарыстың тіршілігіне қолайлы. Жеті мың шаршы метр аумаққа 40-55 жолбарыс жіберсе болатын көрінеді. Жолбарыс жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Сол себепті жолбарыстың тамағы үшін табиғатқа тұяқты жануарлар топ-тобымен жіберіледі. Жолбарыстың негізгі қорегі – қабан мен кермарал. Іле өзенінің сағасында үш мыңнан астам жабайы шошқа бар екен.

Жолбарыстар Қиыр Шығыстағы жабайы табиғаттан алынуы мүмкін. Ол жақтың жолбарыс популяциясына зиян келтірмей, жылына екі-үшеуден ұстап алып әкелу ойда бар. Бес-алты жылда Іле-Балқаш қорығына кем дегенде 20 Амур жолбарысы жерсіндіріледі деген жоспар бар.

Ерте заманда Сырдария жағасы, қамысы қалың Шу бойы қаптаған жолбарыс болған екен. Ал Іленің етегінде тобымен шұбап жүрген көрінеді. Жолбарыс аулау – қазақтың ата дәстүрі, машықты өнері болған. Білектерін арқанмен орап, үстеріне қалың тері жамылған қазақ аңшылары жолбарысты қанжармен-ақ жайратып салады екен.

Мұхтар Мағауиннің "Шақан-Шері" романында Сыр бойында тұрған Шақан емімді аңшы бірнеше жолбарыстың көзін жояды. Аңшы осылай кегін қайтарады. Себебі аңшы жоқта үйіне шабуыл жасаған жолбарыс баласын өлтіріп, әйелін сүйреп кеткен еді.

Соғыстан кейінгі жылдары Сыр бойының бір ауылында адамдар тоғайдан елге қарай бақырып қашқан түйені көреді. Түйе жақындағанда қараса, үстіне шығып алған жолбарыс өркешін шайнап отыр екен. Адамдарды көргеннен кейін түйенің үстінен сыпырылып түсіп, тоғайға қашып кеткен. Тұран жолбарысын  1958 жылы Амудария жақта да көргендер бар деседі.

Елін аңшылықпен асыраған Қамбар батырдың жолбарысты құйрығынан ұстап, басынан айналдыра лақтырып өлтіргені  жырда баяндалады.

Жолбарыс киелі аң, оны пір тұтқан адамдар болған. Аңызда  қызыл жолбарыс Сүйінбайды қорғаған,  Сүйінбайдан соң  Жамбылға ауысқан дейді. Жыр алыбы  Жамбыл Жабаев көз жұмарының алдында өзінің туысына Алатау жақты нұсқап: "Жолбарысым қырғыздарға қарай тау асып кетті", – деген. Ал, кейін  Шыңғыс Айтматов  Сүйінбай мен Жамбылдың жолбарысы өзіне пір болғанын айтқан.  "Жамбылдың жолбарысы менің жанымда, қазақтан қашан кемеңгер, данышпан шығады, сол кезде өз жұртына қайтар", – дейді екен қырғыздан шыққан заңғар жазушы.

Ендеше жойылып кеткен жолбарысымыздың орнын толтырсақ жаман болмаспыз.  

Арнайы сіздер үшін "Анығын айтсақ" бағдарламасы!

 

Жоба жетекшісі және авторы: Нағашыбек Алдан

Оқыған: Нуриддин Бидосов

 
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу