Жол апатына ұшыраған жүргізуші "ҚазАвтоЖолдан" шығынын өндіріп алды

586

Сот қызмет көрсетуші компания жолды дұрыс тазаламаған деп шешім қабылдаған. 

Жол апатына ұшыраған жүргізуші "ҚазАвтоЖолдан" шығынын өндіріп алды

Түркістан облысы Сайрам аудандық соты "ҚазақАвтоЖол" ЖШС-ға қатысты азаматтық істі қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Арызды жол апатынан зардап шеккен әйел жазған. Ол компаниядан шығынды өтеуді талап еткен.

Сотқа арыз беруші әйел 2020 жылғы қарашада Сайрам ауданындағы "Алматы-Ташкент" тас жолында Hyundai Santa Fe көлігімен келе жатқан. Ауа-райының қолайсыз болуы және жолда мұздың қатуына байланысты жүргізуші 30-40 шақырым жылдамдықпен жүрген. Осыған қарамастан көлік тайып, жолдың шетіне шығып қалған. Көлікке зақым келген. 

Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері тексеріс жүргізіп, жүргізушінің кінәсі жоқ екенін анықтаған. Жол апаты мұздың қатуына байланысты болған.

Көлікті жөндеуге 4 млн 964 мың 322 теңге кеткен. Сотқа арызданушы қызмет көрсетуші компаниядан шығынды өтеп беруді талап еткен, сондай-ақ ол компаниядан 1 млн теңге көлемінде моральдық шығын және адвокаттың қызметіне ақы сұраған.

Сотта "ҚазАвтоЖол" өкілдері тас жол қар мен мұздан тазаланғанын, жолға инертті материалдар себілгенін айтқан. Алайда сот бұл дәлелдерді мойындаған жоқ. Жол дұрыс тазаланбағандықтан жол апаты болған деген шешімге келген. Нәтижесінде, сот әйелдің материалдық шығынды өтеу, сондай-ақ адвокатқа жұмсалған шығын мен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы талабын қанағаттандырған. Алайда судья моральдық шығынды өтеу талабын қанағаттандырған жоқ.

"ҚазАвтоЖол" компаниясы көлік иесіне шамамен 5 млн 150 мың теңге және 49 мың теңге көлемінде баж төлеуге міндеттелді.

Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу