Жол азабын тартқан тұрғындар шу шығарды

465

Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданында жаңадан салынған жолдардың жұмысы аяқсыз қалу әдетке айналған.

Жол азабын тартқан тұрғындар шу шығарды

Осылай деген бұқара шала жұмысқа билік тарапынан шара жоқ деп ашынып отыр. Тұрғындардың айтуынша, мердігер компания мерзімінен қалып жатыр. Ал, атқамінерлер не дейді?

Бұқар Жырау ауданына қарасты бұрынғы Заречный, қазіргі Сарыарқа ауылына баратын 5 шақырымдық жол жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген. Биыл қазынадан 200 миллион теңге қаражат бөлініп, жол жөнделетін болды. Оны естігенде тұрғындардың да төбесі көкке жетіп қуанған еді. Алайда, қуаныштары ұзаққа бармады. Себебі, мердігер компания үш айдан бері тек 1,5 шақырымын ғана жөндеген.

"Мына жолды бар ғой 1 айдың арасында екі рет істеуге болады. Бұлар бір күн істейді, содан кейін бір-екі жұма жоқ. Тағы да бір күн істейді, сосын тағы да жоқ. Бұл не деген сұмдық?!" - дейді Сарыарқа ауылының тұрғыны Борис Ақшолақов.

Ал, жолдың жөндеуіне тапсырыс берген аудан әкімшілігі болса, бақылау жүргізбек түгілі, тұрғындармен кездесуге төбе көрсетпеді. Есесіне, Сарыарқа ауылының әкімі келді. Ол жұмыстар 14 күнде аяқталады деп уәде беруден бас тартты.

"Мен қазір айтатын болсам, я осы айдың аяғында бітеді десем, ол келесі жолы бітіре алмай қалса. Әр түрлі факторлар болуы мүмкін. Алдында кетіп қалды өздері. Техника сынды деп. Сол сияқты болуы мүмкін. Мен бітіреді деп айта алмаймын. Оған уәде де бере алмаймын", - деді Сарыарқа ауылының әкімі Саят Шаяхов.

Ал, мынау дәл осы Бұқар Жырау ауданына қарайтын Баймырза ауылы. Мұнда 2020 жылы екі шақырымдық жолды жөндеуге 33 миллион теңге бөлінген. Арада үш жыл өткен соң, "Әділдік жолы" Республикалық коғамдық бірлестігі өкілдері 800 метр жолдың жөнделмей кеткенін анықтаған. Десе де, құжат бойынша, барлығы сақадай сай.

"Сегіз жүз метрден астам жолдың салынбағаны анықталған. Қазіргі таңда біз жемқорлыққа қарсы департаментке хат жолдаймыз. Осы мәселе бойынша. Мемлекеттік қызметшілер және де мердігерге қатысты шаралар қабылдау үшін", - деді "Әділдік жолы" РҚБ-ның жетекшісі Рустам Танишпеков.

Осындай былықтардан кейін, аудан әкімдігіне сенуден қалған Сарыарқа ауылының тұрғындары қатаң бақылауды қолға алмақ. Егер, жөндеу жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталмаса, республикалық тас жолды жабуға дейін барамыз деп бекініп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу