banner

Жол ережесін бұзбайтын жүргізушілерге сақтандыру төлемін төмендету ұсынылды

1016

2023 жылдан бастап автосақтандыру бойынша икемді тарифтер енгізілмек. 

Жол ережесін бұзбайтын жүргізушілерге сақтандыру төлемін төмендету ұсынылды

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин палатаның жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралған сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын дамыту мәселелері бойынша заң жобасының жекелеген нормалары туралы айтты, деп жазды inbusiness.kz.

Заң жобасы сақтанушының сақтандыру оқиғаларының тарихын ескере отырып, міндетті автосақтандыру бойынша икемді тарифтеуге көшуді қарастырады.

Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, тарифтік коэффициенттер жүйесінің икемділігі автокөлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауын ынталандыруы мүмкін. Мысалы, жылдамдық шегінен асып кеткен жүргізушінің сақтандыру санаты төмендеп, төлемі жоғары болса. Ал ережелерді бұзбаған жүргізушілердің санаты жоғарылап, сақтандыру төлемі де азаяды. 

"Сақтандыру құнын төмендету үшін осындай критерийді қарастыра аласыз ба? Құқық бұзушылықтарды тіркеудің қолданыстағы ақпараттық жүйесі бұзушылық түрлері контекстінде дерекқор жүргізуге мүмкіндік береді және бірыңғай сақтандыру деректер базасымен біріктіру мүмкін бе?". 

Мәжіліс спикері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ішкі істер министрлігі өкілдеріне осындай сауалды жолдады.

Ақпараттық жүйені пысықтау дайындығы мен мүмкіндігі туралы оң жауап алған Нұрлан Нығматулин бұл норманың 2023 жылдан бастап күшіне ену мүмкіндігін ескере отырып, мәселені егжей-тегжейлі зерделеудің маңыздылығын атап өтті.

Депутаттар заң жобасына жазатайым оқиға кезінде сақтандыруды реттеудің оңайлатылған тәртібі туралы нормаларды енгізуді ұсынып отыр. Мәселен, жол-көлік оқиғасы орын алып, онда зардап шеккендер болмаса көлік иелерінің өзара келісімімен полицияны шақырмай-ақ және сот шешімінсіз хаттама толтыруға болады. Бұл жүргізушілерге сақтандыру төлемін жедел әрі жеңілдетілген түрде алуға мүмкіндік береді. 

Депутаттар ұсынған норманың озықтығына және қажеттілігіне тоқталған Мәжіліс спикері қазір дәл осындай жағдайларда бюрократиялық процедуралардан қашқан жүргізушілер мәселені өзара реттейтінін атап өтті.

Екінші оқылымға дейін заң жобасына тиісті түзетулер енгізіледі.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу