Қазақстанда автомобиль жолдарының сапасын арттыру үшін отандық полимерлі битумды қолдануға басымдық берілмек, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Көлік вице-министрінің сөзінше, жол салуға қажетті материалдарды таңдағанда климаттық жағдай мен көлік жүктемесін ескеру маңызды.
– Басым бағыттарымыздың бірі – елімізде өндірілетін полимермен түрлендірілген битумды қолдану. Бұл материал асфальтбетон жабынының ойылуға және жарықшақтануға төзімділігін арттырады, – деп мәлімдеді Мақсат Қалиақпаров.
Бүгінде елімізде жол құрылысына арналған материалдар мен жаңа технологиялардың бірыңғай дерекқоры жұмыс істейді. Онда материалдар мен технологиялар, олардың сынақ нәтижелері және қолданылу аясы туралы мәліметтер жинақталған. Бұл мамандарға әр жобаға лайық материал мен технология таңдауға көмектеседі.
Сонымен бірге вице-министр жаңа материалдардың қолданыстағы жолдарда қаншалықты тиімді екенін бағалау маңызды екенін атап өтті. Отандық және шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу жақсы нәтиже көрсеткен технологияларды өзге жол жобаларында кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.
Жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарында маңызды элементтің бірі – жол битумы. Оның сапасы мен қоспа материалдарының құрамы үлкен рөл атқарады.
Бұдан бұрын битум отандық мұнай өңдеу зауыттарында Кеңес Одағы кезіндегі мемлекеттік стандартқа сәйкес өндірілетін. Ал бүгінде битум қазақстандық талап бойынша шығарылады. Бұл стандарт – әлемдік үздік тәжірибелерді негізге ала отырып дайындалған. Ол жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарында пайдаланылатын битумның сапасына жаңа талаптарды енгізіп, оның құрамын жетілдіреді. Өз кезегінде тың тәсілмен өндірілетін битум жол жабындысының беріктік қасиетін ұзақ уақытқа сақтайды.