Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Тянь-Шань қоңыр аюы жүр

121

Қоңыр аю тамақтың иісіне елітіп, тіпті туристер тоқталған ағаш үйге дейін келген.  

Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Тянь-Шань қоңыр аюы жүр Фото: pixabay.com

Бұл туралы ұлттық парктің баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Аталған жағдай "Жоңғар Алатауы МҰТП" РММ-нің Аттапқан шатқалында орналасқан ұзақ мерзімді серіктестік аумағы – "Табиғат ОРХ" ЖШС аумағында тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, аю аталған аумаққа тағам иісіне байланысты келген. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ", – делінген хабарламада.

Ұлттық парк мамандары туристер мен жергілікті тұрғындарға арнайы ескерту жасап, табиғат аясында жүргенде мына ережелерді қатаң сақтауды сұрайды:

  • Жануарларды тамақтандырмау: Жабайы аңдарды, әсіресе аюларды қолдан тамақтандыруға мүлдем болмайды. Бұл олардың инстинктін бұзып, адамдар жүретін жерге жиі келуіне әкеп соғады;
  • Қалдықтарды тазалау: Демалыс орындарында тамақ қалдықтары мен қоқыстарды қалдырмау қажет, себебі оның иісі жыртқыштарды өзіне тартады;
  • Қауіпсіз қашықтық: Жабайы жануарды көрген сәтте оған жақындауға, суретке түсу үшін мазалауға тыйым салынады.

Мамандар табиғи ортада түз тағысымен кездескен жағдайда барынша сабырлық сақтап, оның назарын аудармай, байқатпай қауіпсіз жерге шегіну қажеттігін ескертеді.

Тянь-Шань қоңыр аюы Қызыл кітапқа енген. Олар табиғатынан адамға сирек шабуыл жасайтын аңдардың қатарына жатады. Салмағы 135-200 келіге дейін жететін бұл жыртқыштар негізінен теңіз деңгейінен 1500-3500 метр биіктікте тіршілік етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу