Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Үндістанда жөтелге арналған үш қауіпті шәрбаттың табылғанын хабарлады. Бұл дәрілердің құрамынан адам өміріне зиянды диэтиленгликоль (DEG) заты анықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қауіпті препараттарды Sresan Pharmaceutical, Rednex Pharmaceuticals және Shape Pharma компаниялары өндірген.
Аталған дәрілер суық тию мен жөтелге қарсы кеңінен қолданылады, бірақ құрамындағы уытты зат балалар үшін аса қауіпті болуы мүмкін.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл шәрбаттар елімізде мемлекеттік тіркеуден өтпеген және сәйкестік сертификаты жоқ.
"Аталған препараттар Қазақстан Республикасында тіркелмеген. Оларға сәйкестік сертификаты рәсімделмеген", – деп хабарлады Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы.
Ұйым азаматтарды дәрілік заттарды тек лицензияланған дәріханалардан сатып алуға және аталмыш шәрбаттарды мүлде қолданбауға шақырды.