Іс-шараға прокуратура қызметкерлері, ардагерлер мен ауданның қоғамдық өкілдері қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. Жиналғандар батырдың ел қорғаудағы ерлігі мен өнегелі өмір жолын еске алып, оның тұлғасы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Рәсім барысында Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – батырдың ерлік мұрасын ұлықтау, патриоттық рухты нығайту және жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу.
Бауыржан Момышұлы 1931- 1932 жылдары Жуалы ауданында прокурордың көмекшісі болып қызмет атқарған. Рәсімге жиналғандар батырдың туған еліне қызмет еткенін мақтанышпен еске алды.
Жуалы ауданы прокуратурасы мұндай рухани-танымдық шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
Бауыржан Момышұлы – ел қорғауда ерлігімен танылған даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры және қазақ руханиятында өшпес із қалдырған тұлға. Оның батырлығы мен отансүйгіштікке толы өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.