Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Жұлдыз Сүлейменова Алматыдағы "Абай ұлттық мектебіне" барып, мектеп түлектерімен, педагогтерімен және оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдымен министр міндетін атқарушы мектеп түлектерімен жүздесті. Олардың қатарында журналистер, айтыскерлер мен қоғам қайраткерлері бар. Ашық сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде әлеуметтік желілерде соңғы күндері көтерілген мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, аудит қорытындысы, мектеп басшылығындағы өзгерістер және оқу процесінің қазіргі жағдайы сөз болды.
Жұлдыз Сүлейменова түлектердің сұрақтарына жауап беріп, көтерілген мәселелерді жан-жақты талқылады.
Кейін мектеп педагогтерімен кездесу өтіп, ұстаздар оқу процесін ұйымдастыру, мектептің күнделікті жұмысы және ішкі мәселелер бойынша өз сұрақтары мен ұсыныстарын айтты.
Сондай-ақ Жұлдыз Сүлейменова мектеп ғимараты мен жатақхананы аралап, оқушыларға жасалған жағдаймен танысты. Оқушылармен сөйлесіп, олардың оқу барысы мен мектептегі өміріне қатысты пікірлерін тыңдады.
Қазір "Абай ұлттық мектебі" штаттық режимде жұмыс істеп, оқу процесі қалыпты жалғасып жатыр.