Ер адам пестицидтермен жұмыс істегеннен кейін есінен танып қалған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
45 жастағы ер адам "Қазақстан Бидай" ЖШС-де механизатор болып еңбек еткен. Оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында болды. Егістік алқаптарын химиялық өңдеуге арналған ыдысқа ерітінді құйып жатқан кезде есін жоғалтқан.
Әріптестері оны өз күштерімен Тимирязево аудандық ауруханаға жеткізуге тырысты. Алайда аудан орталығына дейінгі шамамен 40 шақырым жолда оны аман алып қалу мүмкін болмады.
Оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы ер адамның ауруханаға жеткізілгенге дейін қайтыс болғанын растады. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге нақты түрі анықталмаған пестицидтердің улы әсері себеп болуы мүмкін.