Енді қызметкерлер ақпаратты қорғау жөніндегі ішкі ережелерді сақтауға міндетті болады. Ал жұмыс берушілер оларды осы талаптармен таныстырып, орындалуын бақылауға тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа талап 2026 жылғы 25 тамыздан бастап Еңбек кодексіне енгізілген киберқауіпсіздікке қатысты күшіне енеді.
Өзгерістерге сәйкес, жұмыс берушілер киберқауіпсіздікке қатысты ішкі құжаттарды әзірлеуі немесе қолданыстағыларын жаңартуы қажет. Бұл жеке ереже, нұсқаулық немесе ішкі еңбек тәртібі қағидаларының тиісті бөлімі болуы мүмкін.
Құжат бекітілгеннен кейін барлық қызметкер қол қойып, онымен танысуы керек. Сонымен қатар жұмыс берушілер жаңа талаптардың сақталуына ішкі бақылау ұйымдастыруға тиіс. Бұл ретте өзгерістерде киберқауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жеке айыппұл немесе жауапкершіліктің жаңа түрі қарастырылмаған.
Заң бұзушылық болған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің қолданыстағы нормалары негізінде шара қолданылады.