Премьер-министр Олжас Бектенов барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компанияларға бюджет қаражатын барынша үнемдеп, нақты нәтиже көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы, Президенттің бағдарламалық сұхбаты таяу болашақта біздің алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап берді. Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар оларды табысты жүзеге асыру үшін бар күш-жігерін салып жұмыс жасауы керек. Сөзден іске кірісіңіздер. Кез келген мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарап, бюджет қаражатын барынша үнемдеп, нақты нәтиже берулеріңіз қажет. Ал есеп беру, презентация жасау дегеннің бәрін доғарсаңыздар", – деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, нәтиже болмаса бәрі бос әңгіме.
"Жұмыс істей алмасаңыздар ашық айтыңыздар. Бұл мәселені шешеміз. Орынбасарларыма Президент тапсырмаларының орындалу барысын өз бағыттары бойынша үйлестіруді тапсырамын", – деді Премьер-министр.