Жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдар үшін салық шегерімін қолдану тетігі анықталды

112

Алғаш рет Салық кодексіне мүгедектік тобына байланысты ЖТС бойынша әлеуметтік салық шегерімін саралау нормасы енгізілді. 

Жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдар үшін салық шегерімін қолдану тетігі анықталды Фото: canva

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің төртінші отырысында мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастырған ұйымдардың өтініші қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Парламенттегі салық реформасын талқылау барысында мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыратын барлық ұйымдардағы тең жағдайды қамтамасыз ету тәсілі өзгертілді. Атап айтқанда, депутаттардың ұсынысы бойынша, корпоративтік табыс салығы бойынша салық жеңілдігін қолдану мақсатында 2026 жылдан бастап мүгедектігі бар қызметкерлерге еңбекақы төлеу қорының 51% бірыңғай үлесі қолданылады. Яғни, есту, сөйлеу, көру қабілеті жағынан мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейтін мамандандырылған ұйымдарда бұрын қолданылған 35%-дық үлес нормасы өзгерді. Қабылданған норма салық төлеушілерге ішінара таңдау тәсілін жойып, жұмыс берушінің ұйымдық-құқықтық нысанға қарамастан, мүгедек адамды жұмыспен қамту мүмкіндігін арттырады. Бұл ретте мүгедектігі бар қызметкерлердің өздері үшін жеке табыс салығы бойынша жеңілдік толықтай сақталады. Норманың негізгі мақсаты – жұмыс берушіні жұмыс орнын құруға және сақтауға ынталандыру.

Сонымен қатар, алғаш рет Салық кодексіне мүгедектік тобына байланысты ЖТС бойынша әлеуметтік салық шегерімін саралау нормасы енгізілді. Егер бұрын жұмыс істейтін мүгедектігі бар адам үшін шегерімнің жалпы шегі 882 АЕК болса, жаңа түзетуде бұл шама үшінші топтағы мүгедектік үшін сақталған. Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар қызметкер үшін шегерім мөлшері 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Сонымен бірге мемлекеттік органдарға осы норманы қолдану бойынша өтініштер түсе бастаған. Атап айтқанда, егер күнтізбелік жыл ішінде қызметкердің денсаулық жағдайы нашарласа, үшінші топтағы мүгедектік бірінші немесе екінші болып өзгерсе немесе мүгедектік тобы төмендеген жағдайда бір жылға ЖТС есептеу тәртібі мәселесі туындайды. Салық кодексінің 404-бабының 2-тармағына сәйкес, әлеуметтік салық шегерімі үшін негіздеме туындаған немесе бұрын болған күнтізбелік жыл қолданылады.

Осы мәселенің әлеуметтік маңызын ескере отырып, Жобалау кеңсесінің отырысында мүгедектік тобы бірінші немесе екіншіден үшіншіге немесе керісінше өзгерген жағдайда, бүкіл күнтізбелік жыл үшін 5000 АЕК мөлшерінде әлеуметтік салық шегерімін қолдану туралы шешім қабылданды. 

Қабылданған шешім жұмыс істейтін мүгедектігі бар адамдардың кірісін қосымша қорғауға, салық жүктемесін азайтуға және әділетті тәсілді қолдануға бағытталған. 

Ең жиі көтерілетін мәселенің бірі, салық төлеушінің дербес шотында артық төлем болған жағдайда, ҚҚС төлегеннен кейін, резидентке электрондық шот-фактура жазып беру рәсімі мен мерзімі туралы. Бұл мәселе бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті жақын арада өзінің ақпараттық ресурсында ресми түсініктеме беруді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу