Жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды – Мемлекет басшысы

327

Үкімет отырысында Президент аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдаманың орындалу барысына тоқталды.  

Жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды – Мемлекет басшысы Фото: akorda.kz

"Менің тапсырмаммен былтыр 2030 жылға дейін аймақтарды дамытуға арналған тұжырымдама бекітілді. Басты мақсат – өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті азайтып, халықтың әл-ауқатын арттыру.

Өткен жылғы даму қорытындысы туралы айтар болсақ, аймақтардың экономикасы тұрақты өсіп-өркендеп келеді. Бірақ шешімін таппаған мәселелер бар.

Аймақтардың инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі орташа есеппен алғанда – 64,1 пайыз. Бұл көрсеткіш әр өңірде әртүрлі, айтарлықтай алшақтық бар.

Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе, жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет.

Аймақ басшылары экономиканы әртараптандыруға және азаматтардың табысын арттыруға баса мән беруге тиіс. Инфляцияны төмендету үшін тиімді шаралар қабылдап, сапалы инвестиция тартуы керек, шағын және орта бизнесті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуы қажет", – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сондай-ақ, жиында цифрландыру жылына қатысты тапсырмаларды нақтылады. Цифрландыру арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсеруді тапсырды.

"Цифрлық мемлекет құру мәселесіне айрықша көңіл бөлу керек. Бұл Қазақстанның болашағына тікелей әсер етеді. Жаңа ғана бұл саланың еліміз үшін стратегиялық маңызы туралы айтып кеттім, баршаға түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан жұмысқа селқос қарап, жайбарақат жүруге болмайды. Әйтпесе, қолдағы мүмкіндіктен айырылып қаламыз.

Цифрлық тәсілдер арқылы артық шығынды қысқартып, әкімшілік кедергілерді еңсере аламыз. Басқару ісіндегі тиімсіз шешімдерді барынша азайтуға болады.

Жасанды интеллектіні толыққанды енгізу бүкіл цифрландыру саясатының өзегі болуға тиіс. Жасанды интеллектіге негізделген аса маңызды цифрлық жобаларды жүзеге асыру мәселесін айрықша назарда ұстау керек.

Үкімет мұндай жобаларды толық әрі уақтылы қаржыландыру үшін негізгі басымдықтарды нақты белгілеп алуы қажет. Әйтпесе, ауқымды жоспардың бәрі қағаз жүзінде қалып қояды. Алдымызда айқын бағдар болмаса, қандай стратегиямен де мақсатқа жету оңай болмайды.

Сонымен қатар тағы бір кемшілік көзге анық көрінеді. Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалар мен облыстардағы барлық олқылықты цифрландыруға "жаба салады". "Жаппай цифрландыру енгізілсе, Сіз көрсеткен олқылықтар мен кемшіліктер өздігінен жойылады" дейді. Бұл арада не айтуға болады? Адамдар өзін қорғаудың, басын арашалап алудың небір құйтырқы әдісін табады", – деп мәлімдеді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу