Жұмыспен қамтуға бағытталған қаржы уақтылы бөлінуге тиіс – Мамин

798

2021 жылы өңірлерде бизнесті дамытуға 50 млрд теңге бөлінеді.

Жұмыспен қамтуға бағытталған қаржы уақтылы бөлінуге тиіс – Мамин

Премьер-министр Асқар Мамин жұмыспен қамтуға бағытталған қаржыны уақтылы бөлуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Оның айтуынша, биыл Жұмысмен қамтудың жол картасы аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлік пен аграрлық секторды дамыту арқылы тұрақты жұмыс орнын құруға ерекше назар аударылады.

"Яғни өңірлердегі жолдарды, медицина және білім беру ұйымдарын салу және жөндеуге бағытталған жалпы құны 127,5 млрд теңге болатын инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. "Атамекен" ҰКП, әкімдіктер қатысатын микроқаржы ұйымдары арқылы 22,5 млрд теңге көлемінде бизнес жобаларды қаржыландыру жоспарланған. Өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға 50 млрд теңге бағытталады", - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында.

Премьер-министр осы жылы агроөнәркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды қаржыландыруға "Бәйтерек" холдингі арқылы 100 млрд теңге, әрі Жұмыспен қамту жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.

"Биыл 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 20 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Осыған байланысты еңбек және ауыл шаруалығы министрліктері, өңір әкімдері, "Бәйтерек" холдингісі, "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, Жұмыспен қамтудың жол картасын барлық бағытын сапалы іске асыру және уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын", - деді Үкімет басшысы.

Асқар Мамин салалық министрліктерге Жұмыспен қамту жол картасы арқылы іске асатын шаралардың тиімділігін бағалау жөніндегі өлшемшарттарды әзірлеуді тапсырды.

"Ауыл шаруашылығы және еңбек министрліктері ауыл шаруашылығы жобаларын қаржыландыру бойынша іс-шаралар тиімділігін бағалау жөнінде өлшем шарттарды әзірлесін. Тұрақты жұмыс орындарын құру мәселесі ерекше бақылау ұстау керек. Ералы Ұлықпанұлы (Үкімет басшысының орынбасары – автор), жұмысты үйлестіру сіздің бақылауыңызда", - деп түйіндеді сөзін премьер-министр.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу