Төлемдердің жалпы сомасы 84 млрд теңге болды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2025 жылғы 1 қыркүйек жағдайы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жұмысынан айырылғандарға әлеуметтік төлем алғандар саны 264,3 мың адамға жетті.
Қолданыстағы заңнама бойынша, жұмыстан босатылғандар 1 айдан 6 айға дейінгі кезеңге әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейін МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асады.
Төлемді алу үшін жұмыстан босатылғанда жүзеге асырылатын процесстер:
- eGov.kz порталы арқылы авторизацияланып, "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдайды;
- Онлайн өтінім толтырып, ЭЦҚ арқылы қол қояды;
- Бір күн ішінде мансап орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Бұл қызмет enbek.kz арқылы да онлайн алуға болады. Жүйеде мәліметтер тіркелген кезде, МӘСҚ төлем тағайындау үшін SMS-хабарлама жібереді, жауап берген жағдайда төлем автоматты түрде тағайындалады.