Жұмыссыздар үшін сертификаттау ақысын мемлекет төлейді

Оларға атаулы ваучерлер беріледі. 

Жұмыссыздар үшін сертификаттау ақысын мемлекет төлейді Фото: NUR.KZ

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

"Жұмыс беруші үшін сертификатталған қызметкерді жұмысқа қабылдау тиімді шешім, өйткені мұндай қызметкер қосымша "қайта даярлауды" талап етпейді", – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ вице-министр "Кәсіптік біліктілік туралы" заң аясында азаматтарды белсенді тартуға бағытталған бірқатар шаралар көзделгенін хабарлады.

"Құзыреттерді бағалаудан өту кезеңінде қызметкерлерге еңбек заңнамасына сәйкес даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру кезінде ұқсас кепілдіктердің, өтемақылар мен жеңілдіктердің барлық көлемі беріледі. Ал жұмыссыз азаматтар үшін сертификаттау орталықтарының қызметтеріне ақы төлеуді мемлекет жүргізеді, бұл үшін азаматтарға атаулы ваучерлер берілетін болады. Бұдан басқа, жұмыс берушілердің белсенді түрде өз қызметкерлерін тәуелсіз сертификаттаудан өтуге жіберуін ынталандыру үшін 3 жыл мерзімге сенім сертификаттарын беру көзделетін болады", – деді Олжас Ордабаев.

Оның сөзінше кәсіптік біліктілікті тану мәселелері, оның ішінде бағалаудан өтуге болатын кәсіптер бойынша барлық ақпарат Электрондық еңбек биржасының кіші жүйесі болып табылатын Сareer Enbek бірыңғай ақпараттық порталында жинақталады.

Қорытындылай келе, вице-министр "Кәсіптік біліктілік туралы" заңның арқасында жүзеге асырылатын негізгі аспектілерге тоқталды.

"Осылайша, жүргізіліп жатқан және жоспарланған жұмыс шеңберінде мемлекет те, жұмыс берушілер де, азаматтар да қатысатын ұлттық біліктілік жүйесі құрылады. Сонымен қатар, бүгін аталған тәуелсіз сертификаттау жүйесі енгізіледі. Ал кәсіптік стандарттарды әзірлеу арқылы білім беру жүйесі мен жұмыс берушілердің талаптары арасындағы байланысы нығаяды", – деп түйіндеді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу