Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізуші бейнеленген видео анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тексеру кезінде 38 жастағы жүргізушінің көлік басқару кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны және телефон пайдаланғаны белгілі болды. Сонымен қатар, көліктегі жолаушылардың да қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталған.
Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушінің жеке басын анықтап, анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырды. Қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларға да тиісті әкімшілік шаралар қолданылды.
Полиция жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік ішінде қауіпсіздік белдігін тағуға және көлік басқару кезінде телефон пайдаланбауға шақырды.