"Жүргізуші куәлігін алып беремін": Жалған уәде берген Меркі тұрғыны сотталды

175

Меркі аудандық соты алаяқтық фактісі бойынша М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.  

"Жүргізуші куәлігін алып беремін": Жалған уәде берген Меркі тұрғыны сотталды Фото: total.kz

Айыпталушының кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Тергеу мәліметінше, сотталушы таныстарының арасында емтихан тапсырмай жүргізуші куәлігін алу туралы ақпаратты таратқан.

2025 жылдың тамыз айында сотталушы азаматтардың сенімін асыра пайдаланып, жүргізуші куәлігін дайындап беремін деген сылтаумен үш жәбірленушіден жалпы сомасы 770 мың теңге ақшалай қаражат алған.

"Осылайша, жәбірленушілердің екеуіне әрқайсысына 300 мың теңгеге, ал үшінші жәбірленушіге 170 мың теңгеге жүргізуші куәлігін ресімдеуге уәде берген. Алынған ақшаны М. жеке мақсатта пайдаланып, содан кейін байланысқа шығуды тоқтатқан", – делінген сот таратқан хабарламада.

Прокурор айыпталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындауды сұрады.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Жәбірленушілерге материалдық залал толық көлемде өтелді. Жәбірленушілер сотқа сотталушымен татуласқандары және шағымдарының жоқтығы туралы хабарлады.

Сот үкімімен М. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгілей отырып, 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу