Жүргізушілерге жемқорлық туралы ескерту жасалды

339

Пара берсеңіз қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз.

Жүргізушілерге жемқорлық туралы ескерту жасалды Фото: Inbusiness.kz

Көлік жүргізушілеріне құлаққағыс. Бұдан былай сіз Шымкентке бара қалып, ол жақта полицейлер көлігіңізді тоқтатып сізге бірден сыбайластық туралы сөз қозғай қалса саспаңыз. Себебі, жыл басынан бері 10 полицейі сотты болған шаһарда жаңа ереже енгізілді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Енді жол сақшылары көшеде тоқтатқан көлік жүргізушісіне бірінші жол ережесі туралы емес сыбайластық жайлы ақпар беруі тиіс. Жаңа талап жол бойындағы сыбайластықтың алдын алады деп күтіліп отыр.

"Пара берсеңіз қылмыстық жауапкершілікке тартыласыз". Бұл шымкенттік жол сақшыларының сәлем сөзіне айналатын тұрақты тіркеске айналмақ. Өйткені, бұдан былай қаладағы барлық полицей әр тоқтатқан көлік жүргізушісіне осылай айтуға мідетті. Осы арқылы күн сайын мыңдаған азамат пара берудің қылмыс екенінен ақпарат алмақ.

"Бізде өзі 350-400 қызметкер күнделікті қызметке шығады әрбір қызметкеріміз 10 шақты автокөлік жүргізушісін тоқтатқанда сонда 1500-ге жуық жүргізушіге біз ескерте аламыз. Яғни, осындай құқық бұзушылыққа бармауын", - дейді қалалық ПД жергілікті полиция басқармасының командир орынбасары  Ерлан Ермекбаев.

Бұл бастаманың қолға алынуына негізгі себеп құқық қорғау саласындағы етек жайған сыбайластық. Статистикаға сүйенсек, соңғы екі жылда қалалық полиция департаментінің 12 қызметкері бармақ басты, көз қысты әрекетке барғаны үшін сотталған. Содан кейін антикордың сыбайластық картасына еніпті.

"Құқық қорғау саласында сыбайлас жемқорлық фактілері болған соң ол картаға енгізілген. Бұл картаға енгізілген соң үлкен мониторинг жасалады. Сонымен қатар жоспар жасалады. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтап, оны жоюға байланысты", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шымкент қ. департаменті басқарма басшысының орынбасары Нұртөре Қалдыбаев.

Жаңа жобадан антикор өкілдерімен құқық қорғау саласының қызметкерлері жақсы нәтиже күтіп отыр. Ал, көлік жүргізушілері болса талап мықты, тәртіп қатал болуы керек деп есептейді.

Пара берумен қатар оны алу да үлкен қылмыс екенін жүргізуші мен полицейдің есіне бірдей салатын жобаның қандай нәтиже беретіні алдағы уақытта талдана жатар. Айтпақшы, бұдан былай тоқтатқан полицей сыбайластық туралы хабарламаса жүргізушілер оның үстінен полиция департаментіне шағымдануға құқылы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу