Журналист 2026 жылды "Отбасы жылы" деп жариялауды ұсынды

Конституцияда некені ер мен әйелдің одағы ретінде нақтылау – тек құқықтық норма емес, қоғамның іргелі құндылықтарын қорғауға бағытталған стратегиялық шешім. 

Журналист 2026 жылды "Отбасы жылы" деп жариялауды ұсынды Фото: Конституциялық сот

Бұл туралы журналист, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Ерқанат Көпжасарұлы мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның айтуынша, аталған норма қоғамда жиі-жиі көтерілетін даулы әрі негізсіз пікірталастарға нақты жауап беріп, "Отан отбасыдан басталады" қағидатын заң деңгейінде бекемдейді. Бұл ұрпақ тәрбиесінің дұрыс арнада қалыптасуына құқықтық және идеологиялық негіз қалайды.

– Қазіргі әлемде құндылықтар жүйесі құбылып, түрлі жат ағымдардың ықпалы күшейіп отырған кезеңде мемлекеттің отбасы институтына қатысты ұстанымы айқын әрі бұлтарыссыз болуы тиіс. Некені ер мен әйелдің одағы ретінде Конституцияда нақтылау – мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтайтын, қоғамды іштей әлсірететін ықпалдарға қарсы тұратын өзіндік рухани иммунитет, – деді Ерқанат Көпжасарұлы.

Сонымен қатар, ол отбасы құндылықтарын тек Конституцияға енгізумен шектелуге болмайтынын атап өтті. Норманың өміршең болуы үшін нақты әлеуметтік және құқықтық тетіктер қажет.

– Отбасының беріктігі көбіне әлеуметтік-экономикалық жағдайға тікелей байланысты. Осыған орай, жас отбасыларға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын кеңейтіп, көпбалалы отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдауды жүйелі әрі мазмұнды ету қажет. Ажырасудың алдын алу үшін тек сот шешіміне иек артпай, медиация мен психологиялық қолдау институттарын мемлекеттік деңгейде дамыту маңызды, – деді Комиссия мүшесі.

Сондай-ақ, бала тәрбиесімен айналысатын ата-аналарға, әсіресе аналарға, қашықтан жұмыс істеу немесе икемді еңбек кестесін ұсыну арқылы отбасы мен кәсіби мансапты қатар алып жүруге жағдай жасау қажеттігін айтты.

– Жуырда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында 2026 жылды "Отбасы жылы" деп жариялауды ұсындым. Бұл бастама отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді мемлекеттік саясаттың бастауы болуы тиіс, – деп сөзін түйіндеді Ерқанат Көпжасарұлы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу