Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге көшкісі келмейді – Президент

365

Астанада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге көшкісі келмейді – Президент Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министріне KazLLM моделіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сіз (ред. – Жаслан Мәдиев) KazLLM жөнінде мәлімдеме жасадыңыз, оны іске қостық деп айттыңыз. Бірақ менің білуімше, ол бағдарламаға сұраныс әлі төмен, себебі ақаулары көп. Жұрт ChatGPT-ге жүгінеді. KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM-нің айналасында не болып жатыр деген сұрағым бар. Не айтасыз?", – деп сұрады Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің сөзінше, қазіргі таңда елімізде екі үлкен тілдік модельдер бар. 

"Олар – KazLLM мен Alem LLM. Олар қазіргі таңда 40-тан астам жүйелерге енгізілді. Бүгінде осы модельдер нарыққа, IT компанияларға, стартаптарға, студенттерге, зерттеу институттарына қолжетімді. Бірақ осы модельдердің сапасын әрқашан ұлғайту қажет. Сондықтан біз халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірге осы жұмысты жалғастырамыз", – деді ведомство басшысы.

Президент "Олқылықтар бар ма, жоқ па? Сіз мойындайсыз ба?" деп нақтылады.

Жаслан Мәдиев бұл модельдерді әрдайым жаңартып отыру қажет екенін айтты.

"Қазіргі таңда қанша адам KazLLM-ді пайдаланып отыр?", – деп сұрады Мемлекет басшысы.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің айтуынша, модельге 600 мыңнан астам сұраныс болды. 

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде ChatGPT мен Aitu атты мессенджерін қанша адам пайдаланып отыр деген сұрақ қойды.

"ChatGPT-дің пайдаланушылар базасында әлем бойынша жүздеген миллион қолданушы бар. Қазақстан бойынша халық санының 13 пайызы. Aitu-дың пайдаланушылар базасы 700 мыңнан асады. Шамамен бір миллион", – деді Жаслан Мәдиев.

Президент сөз соңында министрдің жауабын тексеру керек екенін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу