Абай облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында алғашқы екі жаңартылған нысан – Ауыл және Белағаш вокзалдары пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Салтанатты ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли мен Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов қатысты.
Өңір тұрғындарын құттықтай отырып, вице-министр: "Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 2025 жылы басталған, Тәуелсіздік жылдарындағы ең ірі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ауқымды жоба еліміздің көлік инфрақұрылымын кешенді жаңартуға, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға және саяхат үшін заманауи, жайлы әрі қауіпсіз жағдайлар жасауға бағытталған", – деп атап өтті.
Реконструкциялау барысында вокзалдарда шатырды ауыстыру, ішкі және сыртқы әрлеу (еден, қабырға, төбе, терезе мен есіктер), сумен жабдықтау, кәріз, желдету, ауаны баптау, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жолаушылар платформаларын реконструкциялау және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Ауыл станциясының теміржол вокзалы 1929 жылы салынған. Жаңартылған ғимараттың жалпы ауданы – 273 шаршы метр. Белағаш станциясының теміржол вокзалы 1914 жылы салынған. Жаңартылған ғимараттың жалпы ауданы – 265 шаршы метр.
Вокзалдарды жаңғырту жұмыстары еліміздің барлық өңірлерінде жалғасуда. Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін тағы 28 нысанда реконструкциялау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жалпы, бағдарламаны іске асыруды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр. Атқарылып жатқан жұмыстардың барысы Көлік министрлігінің тұрақты бақылауында.