2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша мансап орталықтары арқылы 200,4 мың азамат жұмыспен қамтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ұлттық жобалар мен өңірлерді дамыту жоспарлары аясында биыл 40,4 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделсе, жылдың алғашқы жартысында олардың 8 мыңға жуығы құрылды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтуға ерекше назар аударып отыр. Мәселен, 17,4 мың мүгедектігі бар азамат мансап орталықтарының қызметімен қамтылып, олардың 6,4 мыңы жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар 3,8 мыңнан астам адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, жаңа дағдыларды меңгерді.
Көпбалалы отбасыларды қолдау аясында мансап орталықтарына жүгінген 17,2 мың азаматтың 6,1 мыңы тұрақты және мемлекет субсидиялайтын уақытша жұмыс орындарына орналастырылды.
Жыл басынан бері 170,6 мың адам кәсіби бағдарлау қызметін пайдаланған. Оның 138 мыңы – жұмыс іздеушілер.
Министрлік 2024-2029 жылдарға арналған Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы аясында 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының үлесін 45 пайызға дейін жеткізуді көздейді. Егер 2024 жылы сапалы жұмыс орындарымен 2,47 млн адам қамтылса, 2026 жылы бұл көрсеткішті 3,08 млн адамға дейін арттыру жоспарланып отыр. Тұрақты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайлары және әлеуметтік қорғалуды қамтамасыз ету әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудың маңызды тетігі ретінде қарастырылады.