Жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мақсатында әлеуметтік инспекторлар 1019 тексеру жүргізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның ішінде 410 – жоспардан тыс, 350 – профилактикалық бақылау шеңберінде, 259 – прокуратураның талабы бойынша жүзеге асырылды.
Тексерулер нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтарды жою үшін 497 ұйғарым берілді. Сондай-ақ, 61,9 млн теңгеден астам сомаға 274 әкімшілік айыппұл салынды.
Бақылау шараларымен әкімдіктер, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, көлік кәсіпорындары, сауда және мәдени нысандар, спорт мектептері мен банктерді қоса алғанда 1000-нан астам түрлі мекеме қамтылды.
Мәселен, Абай облысында мүгедектігі бар адамның өтініші негізінде "Қазпошта" АҚ филиалының бөлімшесіне қолжетімділік мәселесі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, жауапты тұлға әкімшілік жауапқа тартылды.
Семей қаласының тұрғыны, мүгедектігі бар баланың анасы Саида Бокембаева мемлекеттік саясаттың оң өзгерістерін атап өтті.
"Қаламызда соңғы жылдары пандустар орнатылып, дыбыстық белгісі бар бағдаршамдар қойылды, әлеуметтік нысандарда қозғалыс ыңғайлы болды. Ең бастысы – ұлым өзін басқа балалармен тең сезінеді. Бұл біз үшін жай ғана формалдылық емес, өмірімізді шын мәнінде жеңілдететін нақты өзгерістер", – деді ол.