Жыл басынан бері Астана әуежайы 3,3 млн жолаушыға қызмет көрсетті

154

Барлығы 27 540 рейстің орындалуын қамтамасыз еткен.  

Жыл басынан бері Астана әуежайы 3,3 млн жолаушыға қызмет көрсетті Фото: t.me/nqzairport

Әуежайда жаңа әуе бағыттарын ашу, халықаралық әуе қатынасын дамыту және отандық әрі шетелдік әуе тасымалдаушылармен ынтымақтастықты кеңейту есебінен жолаушылар ағыны мен рейстер саны алдағы уақытта да артады деп күтіліп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2026 жылы Астана халықаралық әуежайының маршруттық желісі жаңа халықаралық бағыттармен толықты. Ларнака (Кипр), Улан-Батор (Моңғолия), Гуанчжоу (Қытай), Ереван (Армения) және Даламан (Түркия) бағыттарының ашылуы нәтижесінде халықаралық бағыттар саны 42-ден 47-ге дейін өсті.

Сонымен қатар жолаушыларға Қазақстан бойынша 18 ішкі бағыт қолжетімді. 2026 жылдың маусым айынан бастап Астана – Қызылорда бағыты бойынша рейстер жиілігі артты: бұрын аптасына 30 рейс орындалса, қазір олардың саны 33-ке жетті.

12 маусымнан бастап Астана – Шымкент бағыты бойынша да рейстер жиілігі ұлғайтылды. Аптасына қосымша 3 рейс енгізіліп, екі қала арасындағы жалпы рейстер саны 60-тан 63-ке дейін артты. Сондай-ақ Астана – Алматы бағыты бойынша рейстер саны көбейді: енді аптасына 195 рейс орындалады, бұл бұрынғы кестемен салыстырғанда 5 рейске артық.

Осылайша, маусым айынан бастап Астана халықаралық әуежайынан орындалатын ішкі тұрақты рейстер саны 30%-ға өсіп, аптасына 752 рейстен 984 рейске дейін жетті.

Жазғы маусымда Балқаш, Үржар және Үшарал бағыттары бойынша әуе қатынасы қайта жанданды. Бұл ел ішіндегі сапар мүмкіндіктерін кеңейтіп, ішкі туризмнің дамуына серпін береді. Рейстер жиілігінің артуы жолаушыларға сапарларын икемді жоспарлауға мүмкіндік беріп, өңірлердің көлік қолжетімділігін арттырады.

"Астана халықаралық әуежайы ұшу географиясын кеңейту, инфрақұрылымды дамыту және қызмет көрсету деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда. Жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар қызмет сапасын арттыру, клиенттік сервисті жетілдіру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жүргізілуде", – делінген ресми хабарламада. 

Маңызды бағыттардың бірі – Т2 терминалын жаңғырту. Жоба аясында терминалдың ішкі кеңістіктерін жаңарту, жолаушылар инфрақұрылымын жетілдіру, қызмет көрсету аймақтарының өткізу қабілетін арттыру және жолаушылар ағынының өсуін ескере отырып, халықаралық стандарттарға сай қолайлы жағдайлар жасау көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу