Жыл басынан бері ел экономикасының өсімі 4,9% болды

330

Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр.

Жыл басынан бері ел экономикасының өсімі 4,9% болды Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Биылғы қантар-тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ды құрап отыр. Оның ішінде нақты сектор – 4,4%, ал қызмет көрсету саласы 4,8%-ға өсті. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсуді көрсетті", - деді ведомство өкілі.

Оның сөзінше, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,2%-ды құраған. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 49%, білім беруде – 31,9%, саудада – 30,1%, ауыл шаруашылығында – 20,7%, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,5%, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 5,7%-ға өсті. 

"Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында тіркелді. Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-шілде аралығында сыртқы сауда тауар айналымы 5,7%-ға артып, 79,5 млрд долларды құрады. Экспорт 44,8 млрд долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 14,2 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 34,7 млрд долларды құрады", - деп атап өтті вице-министр.

Елдегі оң сауда балансы 10 млрд долларға тең. Ұлттық экономика вице-министрінің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде де оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,1%-ға өсті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу