2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында республикалық бюджеттен 2 трлн 804,4 млрд теңге көлемінде зейнетақы төленді. Оның ішінде базалық зейнетақыға – 907,4 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыға – 1 трлн 897 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрліктің дерегінше, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елде 2 млн 503 мың зейнеткер бар. Орташа айлық зейнетақы мөлшері 142 894 теңгені құрады. Оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 95 326 теңге, базалық төлем – 47 568 теңге.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы инфляция деңгейінен жоғары көрсеткішпен 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға артты. Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-на, ең жоғарысы 120%-на дейін кезең-кезеңімен өсірілуде.
Мәселен, 2025 жылы ең төмен базалық зейнетақы мөлшері 32 360 теңгені құрап, ең жоғарысы 50 851 теңгеге жетті.
Министрлік мәліметінше, азаматтың болашақ зейнетақысының көлемі оның еңбек өтілі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тұрақты жарна аударуына тікелей байланысты.