2026 жылғы қаңтар – тамызда ҚТЖ желісі бойынша 9,3 млн тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13% артық. Экспорт 14%, яғни 7,2 млн тоннаға дейін, республикаішілік тасымалдар 8%, яғни 2,1 млн тоннаға дейін өсті. Тамыз айында рекордтық айлық көлемі – 1,2 млн тонна болып белгіленді, бұл 2025 жылғы тамыздан 35% артық, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қостанай мен Көкшетауда ҚТЖ астық штабының көшпелі отырыстары өтті. Оларға жүк жөнелтушілер, трейдерлер мен экспорттаушылар, "Астық Транс" АҚ, әкімдіктердің, көлік прокуратурасының және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитариялық қызметтерінің өкілдері қатысты.

Қатысушылар тиеу көлемін, экспорттық маршруттарды, вагондардың болуын және жаңа егін астығын шығаруды ұйымдастыруды талқылады.
Ақмола облысы биылғы егінді тиеу көлемі бойынша көш бастап тұр. Тамыз айы басынан бері мұнда 520 мың тоннаға жуық астық жөнелтілді. Бұл осы кезеңдегі ел бойынша жалпы тиеу көлемінің 31% немесе1,7 млн тонна. Ақмола облысынан 409 мың тонна астық экспортқа, 111 мың тоннасы республикаішілік қатынаста жөнелтілді. Осылайша, жөнелтілген астықтың шамамен 79% сыртқы нарықтарға бағытталды.
Қостанай облысы да еліміздің ірі астық өңірлерінің қатарына кіреді. Сегіз айдың ішінде мұнда 1,8 млн тоннадан астам астық тиелген. Экспортқа 1,4 млн тоннадан астам, республикаішілік қатынаста 405,5 мың тонна жөнелтілді.
Негізгі экспорттық бағыт Өзбекстан болып қала береді – ол жаққа 606,4 мың тонна немесе облыстан астық экспортының 43% жөнелтілді. Ресейге 169,6 мың тонна, Ауғанстанға – 135,6 мың тонна, Тәжікстанға – 133,5 мың тонна, Қытайға – 84,1 мың тонна жөнелтілді.
Сондай-ақ Әзірбайжан, Қырғызстан, Беларусь, Латвия, Эстония және Түркіменстанға жеткізілді.
"Қазақстан темір жолы" биылғы егінді тасымалдауға дайын. Желіге 16 мыңға жуық астық тасымалдаушы, 17,8 мыңнан астам жабық вагон және 1 710 локомотив тартылды. Жыл басынан бері парк 169 локомотивпен толықтырылды.