Биыл теңгенің долларға қатысты бағамы 10,4 пайызға әлсіреді - Данияр Ақышев

785

Ал Ресей рублі 15% әлсіреген.

Биыл теңгенің долларға қатысты бағамы 10,4 пайызға әлсіреді - Данияр Ақышев

Инфляция 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте 3,3% болды, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен төмен. Жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда қыркүйекте 6,1%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы бас банк басшысы парламент мәжілісінің отырысында айтты, деп хабарлайды ҰБ баспасөз қызметі.

"Қазақстан Ұлттық банкінің бағалауынша, 2018 жылы инфляция 5-7% нысаналы дәлізде сақталады, ал 2019 жылы инфляция 4-6% жаңа неғұрлым төмен нысаналы дәліздің жоғары шегіне жуық қалыптасуға тиіс", - деді Данияр Ақышев.

Ол болашақ инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін Ұлттық банк 15 қазанда базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттырады және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді.

"Жыл басынан бастап 16 қазан аралығында валюта нарығында теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 366,86 теңгеге дейін 10,4%-ға әлсіреді. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, дамушы елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының нығаюы. Екінші фактор – келешекте Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдату туралы хабарлау. Осының аясында, жыл басынан бері Ресей рублінің әлсіреуі 15% болды", - деп түсіндірді Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы.

Сондай-ақ, ол Қазақстан Ұлттық банкінің айырбастау бағамының шегін, дәлізін немесе басқа өлшемдерін белгілеместен өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жалғастыратынын айтты.

Оның айтуынша, алдын ала деректер бойынша, қыркүйектің соңында Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері 30 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері - 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Халықаралық резервтердің жалпы көлемі 86,4 млрд АҚШ доллары болды.

"Биылғы жылдың 8 айында депозиттер 1%-ға 17,7 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 4,1% немесе 380 млрд теңгені құрады. Шетел валютасындағы депозиттер 2,5%-ға немесе 210 млрд теңгеге қысқарды. Нәтижесінде, депозиттердің долларлануы 46%-ға дейін төмендеді. 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшермелерді анықтау тәсілі өзгерді. Мөлшерлемелер салымның мерзімдері мен түрлері бойынша сараланады", - деп хабарлады Ақышев.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы кредиттеу нарығы қалпына келуде екендігін айтты. Жыл басынан бері банктердің кредиттері тамыздың соңында 2,5%-ға 13 трлн теңгеге дейін өсті.

"Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін есепке алмағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 11,6%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге бағаланады. Осы жылдың 8 айында жаңа кредиттер беру 28,1%-ға немесе 1,9 трлн теңгеге өсті. Кәсіпорындарға теңгемен берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы тамыздағы 12,2%-ға дейін төмендеді", - деді Данияр Ақышев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу