Қазақстанда жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтардың (ҰҚТ) қызметіне қатысты 50 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлады inbusiness.kz сайты.
- Негізгі басымдық ықтимал қауіп-қатерлерді уақтылы анықтауға және жаңа қылмыстардың жасалуына жол бермеуге бағытталған. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және олардың қызметіне қатысу, оның ішінде трансұлттық сипаттағы қылмыстар бойынша 50 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыруға жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Азаматтарды бопсалаудан қорғауға ерекше назар аударылуда. Полиция 440-тан астам осындай деректі анықтады. Олардың қатарында кәсіпкерлерге және білім беру ұйымдарына қатысты фактілер де бар, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Ведомствоның мәліметінше, түрлі қылмыс жасағаны үшін криминалдық ортаға қатысы бар 240-тан астам адам қылмыстық жауаптылыққа тартылып жатыр. Жедел шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар 40-тан астам топтың әрекетіне тосқауыл қойылған.
Сонымен қатар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлері заңсыз айналымнан 380-ге жуық атыс және травматикалық қару, 5 мыңнан астам оқ-дәрі тәркіледі.
Полиция адам саудасына қарсы күреске де ерекше назар аударып отыр. "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" заңды іске асыру аясында 135 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған.
Зардап шеккендерге әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсету шаралары қабылданған.
- ІІМ ең алдымен қылмыстардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді уақтылы жоюға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады. Қоғам өмірінің барлық саласында "Заң мен Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету полиция қызметінің сөзсіз басымдығы болып қала береді, – деді Қуандық Алпыс.