Жыл басынан мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түсті

342

Ал республикалық бюджет 9,2 трлн теңгеге толықты. 

Жыл басынан мемлекеттік бюджетке 13,8 трлн теңге кіріс түсті Фото: Inbusiness.kz

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштеріне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің сомасы – 13,8 трлн теңге. Министрдің сөзінше, жоспар 97,0%-ға орындалған.

"Республикалық бюджетке 9,2 трлн теңгеге жуық қаражат түсті. Жоспардың орындалуы – 89,3%. Салықтар бойынша жоспардың орындалмауы негізінен корпоративтік табыс салығы импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық есебінен қалыптасты. Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 292 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 23%-ға азаюымен байланысты", - деді ол.

Бұдан басқа импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептеріне тауарлардың жекелеген топтары бойынша импорт көлемінің төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импорт көлемінің 6%-ға азаюы жатады.

"Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың негізгі орындалмауы экспорттық кеден бажының нақты қалыптасқан мөлшерлемесінің болжамды көрсеткіштен 11%-ға төмендеуімен байланысты.

Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауына негізгі экспорттық тауарлар бағасының орташа есеппен 13%-ға төмендеуі әсер етті", - деп жалғастырды Ерұлан Жамаубаев.

Жалпы жергілікті бюджеттердің кірістері 116,8%-ға атқарылып, 4,7 трлн теңгені құраған.

"Жоспар 669 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 622 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар барлық өңірде асыра орындалды", - деп атап өтті ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу