Биылғы қаңтар-ақпанда сыртқы сауда айналымы 21,7 млрд долларды құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Биылғы қаңтар-ақпанда сыртқы сауда айналымы 21,7 млрд долларды құрады. Тауарлар экспорты 12 млрд долларды, оның ішінде өңделген тауарлардың экспорты 4,5 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 9,6 млрд долларды құрады. 2,4 млрд доллардан астам көлемде оң сауда балансы сақталып отыр. Қаңтар-наурызда өңдеу өнеркәсібіндегі өсу 8,5%-ға дейін жеделдеді", – деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.
Өсім 18 өңірде тіркелді. Ең жоғары өсім Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жетісу, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында өндірістің төмендеуі тіркелді.
Азамат Әмриннің айтуынша, өткен жылы экономикадағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,7%-ға дейін өсті және екінші жыл тау-кен өнеркәсібінің үлесінен жоғары болып отыр.
"Мұнай секторының жалпы ішкі өнімдегі үлесі екі есеге төмендеді. 2010 жылы 16,5%-дан 2024 жылы 8,1%-ға дейін. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсу машина жасау өндірісінің 21,9%-ға, оның ішінде автомобиль құрастырудың – 29,6%-ға және электр жабдықтарын өндірудің – 31,3%-ға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тамақ өнімдерін өндіру – 12,6%-ға, сусындарды өндіру – 10%-ға, құрылыс материалдары өндірісі – 37,1%-ға, металл бұйымдары – 39,3%-ға, фармацевтикалық өнімдер – 46%-ға, химия өнеркәсібі – 2,4%-ға ұлғайды", – деді спикер.