Жыл сайын 300-ге жуық қазақстандық студентке білім грантын ұсынамыз – Түркия Елшісі

299

2025 жылы Түркия шамамен 64 миллион турист қабылдады. Оның 763 мыңға жуығы – Қазақстан азаматтары, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жыл сайын 300-ге жуық қазақстандық студентке білім грантын ұсынамыз – Түркия Елшісі Фото: Ажар Лаубаева

Бұл туралы Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджу мәлімдеді.

Дипломат бұл деректерді 3 қарашада Түркия Республикасының құрылғанына 103 жыл толуына орай ұйымдастырылған салтанатты қабылдауда айтты.

Елшінің сөзінше, Түркия бүгінде туризм саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Сонымен қатар ел экономикасы қарқынды дамып, өнеркәсіп пен көлік инфрақұрылымы айтарлықтай нығайған.

"1923 жылы халқының саны 12,5 миллион болған Түркия ұзаққа созылған соғыстардан кейін күрделі экономикалық қиындықтарды бастан өткерді. Бүгінде халық саны 87 миллионға жуықтап, еліміз әлемнің 16 ірі экономикасының қатарына енді", – деді Мұстафа Капуджу.

Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық та кеңейіп келеді. Атап айтқанда, 1992 жылдан бері "Türkiye Bursları" бағдарламасы арқылы 7 мыңға жуық қазақстандық студент қолдау алған. Жыл сайын Қазақстан азаматтарына 300-ге жуық білім гранты бөлінеді. Қазіргі уақытта Түркия университеттерінде 13 мың қазақстандық білім алып жатыр.

Бұдан бөлек, Түркияның "Маариф" қоры Астана мен Алматы қалаларында мектептер ашу бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.

Салтанатты шара барысында елші екі мемлекет арасындағы саяси және сауда-экономикалық байланыстарға да тоқталды.

Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 10 миллиард АҚШ долларына жеткен. Ал екі ел басшылары алдағы жылдары бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанда 5 мыңнан астам түрік компаниясы жұмыс істейді. Түркияның Қазақстанға салған тікелей инвестициялары 6 миллиард доллардан асқан.

Мұстафа Капуджу екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі өзара сапарлар стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін бергенін атап өтті. Сондай-ақ 2027 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынын еске салды.

Іс-шарада Қазақстан Үкіметі атынан сөз сөйлеген Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет екенін атап өтті.

Министр екі елдің сауда, инвестиция, көлік-логистика, мәдениет және білім салаларындағы ынтымақтастығы алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.

Салтанатты қабылдауға мемлекеттік органдардың өкілдері, дипломаттар, халықаралық ұйымдар мен іскерлік қауымдастық мүшелері, сондай-ақ мәдениет, ғылым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу