Жол-көлік оқиғалары әлем бойынша өлім-жітімнің сегізінші себебі саналады және бес жастан асқан балалар мен жасөспірімдердің өмірін қиып жатқан негізгі фактор болып отыр. Бұл туралы БҰҰ хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұйымның мәліметінше, жол апаттарынан ең көп зардап шегетіндер – табысы төмен және орташа елдер. Мұндай мемлекеттерде жолдағы өлім-жітімнің 90 пайызы тіркеледі. Жаяу жүргіншілер, велосипед және мотоцикл жүргізушілері, сондай-ақ балалар қауіпсіз инфрақұрылым мен көлік жүйесінің болмауынан зардап шегіп отыр.
Әлемде жыл сайын шамамен 1,2 миллион адам жол апатынан көз жұмып, 50 миллионнан астам адам жарақат алады.
"Бұл жай ғана статистика емес. Бұл – мектепке асыққан балалар, жұмысқа кетіп бара жатқан ата-аналар, әп-сәтте үзіліп қалған өмірлер", – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
Оның айтуынша, жол апаттарын азайтуға арналған шешімдер қазірдің өзінде бар: қауіпсіз қоғамдық көлік, қалаларды тиімді жоспарлау, жылдамдықты сақтау, шлем мен белбеуді міндетті түрде тағу және төтенше жағдайға арналған нақты хаттамаларды енгізу.
БҰҰ бүгінде жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында 94 елге қолдау көрсетіп отыр. Мысалы, Бразилияда жылдамдықты бақылау жүйесі өлім-жітімді азайтса, Руандада шлем кию туралы заң мотоцикл жүргізушілерінің өмірін сақтап келеді. Ал Лаоста жүргізуші куәлігін беру жүйесін жаңарту жолдағы қауіпсіздікті арттырған.