Жыл сайын психология мамандығы бойынша 4 мыңға жуық жас маман даярланады

187

Жұмысқа орналасу көрсеткіші 73-76 пайызға тең. 

Жыл сайын психология мамандығы бойынша 4 мыңға жуық жас маман даярланады Фото: msph.ru

Қазақстандағы 43 жоғары оқу орны психолог мамандарын дайындайды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәжілістің жалпы отырысында "Психологиялық қызмет туралы"  заңның жобасын бірінші оқылымда қаралды.

"Заң жобасында ЖОО базасында психологтарды кәсіптік даярлау және қайта даярлау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары жыл сайын психология бағыты бойынша қанша маман шығарады? Министрлік осы мамандық бойынша түлектердің жұмысқа орналасуына мониторинг жүргізіп жатыр ма? Жаңа заңның қабылдануына және біліктілікті қайта даярлау мен растауға қойылатын талаптардың енгізілуіне байланысты білім беру бағдарламалары мен кәсіби стандарттар жаңартыла ма?", – деп сұрады Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау.

Бұл сауалға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов жауап берді.

"Бүгінгі күні еліміздегі 43 жоғары оқу орны психолог мамандарын дайындайды. Онда үш деңгейде де – бакалавриат, магистратура, докторантураны қосқанда 17 мың студент білім алып жатыр. Жыл сайын шамамен 3,5-4 мың студент осы бағыт бойынша оқуын аяқтайды. Олардың жұмысқа орналасу мәселесі бізде бақылауда тұр. Жұмысқа орналасу көрсеткіші 73-76 пайызды құрайды. Мониторинг міндетті түрде жүргізіледі және әрі қарай да жалғасын табады", – деді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, заң жобасындағы норма бойынша міндетті түрде қайта даярлаудан өту мәселесі де көзделген. Сонымен қатар кәсіби стандарттар жаңартылатын болады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу