"Жыл сайын су басады": Премьер-министр Ақмола облысындағы су тасқынының негізгі себебін айтты

180

Үкімет басшысы тосын жағдай елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік жұмыстардың дұрыс жүргізілмеуінен деп отыр. 

"Жыл сайын су басады": Премьер-министр Ақмола облысындағы су тасқынының негізгі себебін айтты Фото: Bizmedia.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысында су тасқынына қарсы қабылданып жатқан шаралар тиімсіз екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұсынбаевтың сөзінше, өткен аптада еріген қар суы мен көп жауған жаңбырдың салдарынан Ақмола облысындағы тұрғын үйлерді су басты.

"Қолда бар су өткізу жүйелері мол көлемдегі суды өткізуге қауқарсыз болып шықты. Орын алған жағдай, Астана қаласы мен Қарағанды облысынан, министрліктің әскери бөлімдерінен қосымша күштер мен құралдар жөнелтуді талап етті. Азаматтар дереу қауіпсіз жерлерге көшіріліп, кезек күттірмейтін авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Ақмола облысының көлік қатынасы үзілген елді мекендеріне уақытша жол қатынасы ұйымдастырылды, азық-түлік қоры жеткілікті мөлшерде. Қазіргі уақытта жергілікті өзендердегі су деңгейі төмендеуде", - деді вице-министр.

Премьер-министр Ақмола облысында сәуір айының басында күрделі жағдай қалыптасқанын еске салды.

"100-ден астам үй-жайды су шайып кетті. Қазір ахуал тұрақталды, қауіп сейілді деуге болады. Тосын жағдай елді мекендерді қорғау бойынша инженерлік жұмыстардың дұрыс жүргізілмеуінен орын алған. Яғни, су тасқынына қарсы іс-шараларды жоспарлау мен орындаудың  сапасыз болғаны көрініп тұр. Мәселен, Ескі Қалқұтан аулында Қалқұтан өзенін тазарту, жағалауын бекіту және тереңдету жұмыстары 3 шақырымдай ғана учаскеде жүргізілген. Ал жоба бойынша 11 шақырым бекітілуге тиіс болатын. Салдарынан өзен арнасынан асып, үйлерді су басып қалды. Су деңгейі үлкен де емес, оған тосқауыл қоюға болатын еді", - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы Макинск қаласына да су жайылғанын, жергілікті билік қажетті шараларды уақтылы қабылдамағанын айтты.

"Айта кетейік, өңірде дәл осы елді-мекендерді жыл сайын су басады. Демек, Ақмола облысында қабылданып жатқан шаралар тиімсіз. Марат Мұратұлы, жоспарды қайта қарап, биыл барлық қажетті жұмыстарды іске асырыңыз. Баспаналары мен жер телімдері су астында қалған тұрғындарға жәрдемдесіп, көмек көрсетіңіздер", - деді Премьер-министр Олжас Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу