Жыл соңына дейін жалпы трафиктің 80%-ын құрайтын ең сұранысқа ие 150 қызмет қамтылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекеттік қызметтердің цифрлық экожүйесінің негізі – QazTech платформасы. Цифрлық жүйелерді көшіру бойынша биылғы жоспар 92%-ға орындалды. QazTech мемлекеттік сервистер мен деректерді бірыңғай цифрлық платформада біріктіреді. Бұл "Өмір жолы" қағидатына көшуге негіз болады. Яғни, қызметтер проактивті түрде, азаматтардың өміріндегі маңызды жағдайларға сəйкес көрсетіледі", – деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі.
Жаслан Мәдиевтің сөзінше, "Əлеуметтік əмиян" проактивті əлеуметтік қолдау көрсетуді қамтамасыз етіп, 3 миллион пайдаланушыны қамтиды. e-Otinish-тегі жасанды интеллект көмегімен 3,2 миллионнан астам өтініш өңделген.
"eGov GPT арқылы 51 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін жалпы трафиктің 80%-ын құрайтын ең сұранысқа ие 150 қызмет қамтылады. 2028 жылға қарай жасанды интеллект негізіндегі қызметтердің үлесін 40%-ға жеткізу, ал 2029 жылға қарай қызмет алу уақытын екі есе қысқарту көзделген", – деп атап өтті ол.