Елордада кәсіпкер Instagram және WhatsApp арқылы жылқының сүрленген етін арзан бағамен сататынын айтып, азаматтардан алдын ала төлем алған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Сотта анықталғандай, ол тауарды жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындауды бастапқыдан-ақ жоспарламаған. Сатып алушылардың сеніміне кіру үшін бұған дейін орындалған тапсырыстар мен оң пікірлерді пайдаланған. Ал алған ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Оның әрекетінен 31 адам зардап шегіп, келтірілген материалдық залал 1,7 млн теңгеден асты.
Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Келтірілген залалдың толық өтелгені ескеріліп, сот оған 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі.
Үкім заңды күшіне енді.
Елорда прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы сауда жасағанда сақ болуға және тексерілмеген сатушыларға алдын ала төлем жасамауға шақырды.