Жылу электр станциялары жаңғыртуды талап етеді

5009

Қазақстан үшін жылу электр станциясы – қалаларды электр және жылумен жабдықтаудың негізгі көзі.

Жылу электр станциялары жаңғыртуды талап етеді Фото: Максим Морозов

Еліміздегі жылу электр станцияларын жаңғырту үшін реформа жүргізу керек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап.

Алдымен еліміздегі жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) тоқталайық. 
Нарықтық механизмдер күн энергиясы бағасының 2 есе төмендеуіне ықпал еткен. 

2020 жылы елімізде электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) үлесі 3%-ға, белгіленген қуаты 7%-дан асқан.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 108 миллиард кВт/сағат электр энергиясы өндірілген. Оның 3,15 миллиард кВт/сағаты ЖЭК-ке тиесілі.

2021 жылы елімізде 1635 МВт электр энергиясын өндіретін 115 ЖЭК станциясы жұмыс істеп тұр. 

Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2014-2020 жылдар аралығында Қазақстанда ЖЭК құрылысына 1,5 миллиард доллар инвестиция тартылып, ЖЭК қуаты 10 есе артқан.

2020 жылы ЖЭК жобаларын іріктеу бойынша аукциондар күн электр станциялары тарифінің 2014 жылғы деңгейден 2 есе төмендеуіне ықпал еткен.

Тиімді және ашық ұйымдастырылған нарықтық тетіктер жаңартылатын электр энергиясына бағаны төмендетуге, салаға тартылатын инвестиция көлемін арттыруға мүмкіндік берген.

ЖЭК саласын дамыту климаттық және экологиялық міндеттерді орындау үшін керек. Алайда бүгінде жел және күн электр станцияларының өзі жеткіліксіз. Қазақстанның шұғыл континентті климатын ескерсек, елімізге
электр және жылумен жабдықтаудың сенімді, тұрақты көзі қажет.

Мұнда 2021 жылдың ақпанында Техас (АҚШ) штатындағы энергетикалық дағдарыстың сәтсіз тәжірибесін ескеру керек. Себебі, ауа райына тәуелді 
жел және күн электр станциялары арқылы сенімді энергия жүйесін құру технологиялық тұрғыдан мүмкін болмай тұр.

Жел және күн станциялары жылу энергиясын өндірмейді. Ал климаты суық елдер үшін жылумен жабдықтау саласында сенімді, тұрақты энергия көзі керек.

Қалалар үшін жылумен жабдықтаудың сенімді көзі жылу электр станциясы (ТЭЦ) болып саналады. Мұнда электр энергиясын және жылуды аралас өндіру есебінен отынды пайдалану тиімділігі 70%-дан асады.

Қазақстанның шұғыл континентті климатын ескерсек, жылу электр станциясы - (ТЭЦ) қалаларды электр және жылумен жабдықтаудың негізгі көзі.

Алайда кеңес заманында салынған, көмірді пайдаланатын жылу электр станциялары жаңғыртуды және таза технологиялар енгізуді (түтін газдарын тазарту бойынша) талап етеді.

2021 жылы қабылданған жаңа экологиялық кодекс ірі электр станцияларының жаңа экологиялық технологияларды енгізуді көздейді. Бұл айтарлықтай көлемде инвестиция тартуды талап етеді.

Қазақстанда 2009 жылдан 2015 жылға дейін "инвестицияға айырбас тарифі" механизмі жұмыс істеген. Бұл 10 жыл ішінде жаңа қуат көзін құруға, жұмыс істеп тұрған электр станцияларын кеңейтуге, әрі оларды жаңғыртуға және техникамен қайта жабдықтауға шамамен 6,8 миллиард доллар тартуға мүмкіндік берген.

2016 жылы электр станцияларының шекті тарифі "тоқтатылды". 2018 жылы басқа елдерде пайдаланылып жүрген тариф (қуат нарығы) енгізілді. 

Қуат нарығын енгізудегі басты мақсат – инвесторлар үшін ұзақ мерзімді кепілдіктерді қамтамасыз ету.  Алайда бұл тиісті нәтиже берген жоқ.

Қуат нарығында баға шектеліп, электр станциясын жаңғырту жобаларына іріктеудің айқын емес тетіктері енгізілді. Осылайша, баға төмендемеген. Ал электр қуатын дамыту үшін тартылған инвестиция көлемі 3 есе азайды.

2021 жылы жалпы құнның төмендеуі қуаттағы сауда-саттықтың жалпы көлемінің (41,9 миллиард теңге) небәрі 0,7%-ын (0,3 миллиард теңге) көрсетті.

Бұдан қуат нарығының мақсатты тұжырымында электр станцияларын экологиялық жаңғырту туралы міндеттің болмағанын көруге болады. 

Өнеркәсіптегі басты міндеттің бірі – қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтар көлемін азайту. Сондықтан электр энергиясы мен қуаты нарығына реформа қажет. Бұл салаға инвестиция тартуға және жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу