Жылу желілерін жаңғыртуға бюджеттік өтінім берілмеген

436

Жамбыл облысында жылу тарататын желілер мен жабдықтардың тозу деңгейі – 89,3 пайыз. Ал республикалық көрсеткіш орта есеппен 59 пайыздан асады. 

Жылу желілерін жаңғыртуға бюджеттік өтінім берілмеген Фото: Inbusiness.kz

Өңірде жаңартуды қажет ететін тозған құбырлар көп екеніне қарамастан, биыл жаңғырту жұмыстарын қаржыландыру тетігі қарастырылмаған.

"Жақында өңірлерді дамыту бойынша жиын өтіп, алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Мен салалық министрдің орынбасарына Жамбыл өңіріне жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен неге қаржы қаралмағанын сұрадым. Ол өз жауабында аймақ атынан бюджеттік өтінім берілмегенін айтты. Қаржы қаралуы үшін жергілікті атқарушы орган өтінімді тезірек тапсыруы тиіс", - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова.

 Дерекке сүйенсек, 1989 жылдан бері Қазақстанда бірде-бір жаңа жылу-энергетика орталығы салынбаған.

Ал Жамбыл облысында жыл сайын өңіріміздегі жылу қазандықтары, бу турбиналары тұрақты түрде күрделі жөндеуден өткізіліп тұрады. Биыл 1 бу турбинасы, одан бөлек "Таразэнергоорталықтағы" 1 бу қазандығына толық күрделі жөндеу жүргізіліпті.

Тиісті сала басшылары өңірде жылу-энергетика кешендері ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізіліп тұратынын алға тартады. Айталық, былтыр Қаратау қаласында жылу желілерін ауыстыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ Шу қаласында жылу желілері жаңғыртылған.

Жылу беру маусымына дайындық барысы қаралған жиында Жамбыл облысының әлеуметтік нысандары, білім және денсаулық салаларының мекемелері қысқа 100 пайыз дайын екені айтылды.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың айтуынша, жылу беру маусымына дайындық іс-шараларына жалпы 9,5 миллиард теңге қаралған. Қаржының 7 592,3 миллион теңгесі тарифтік смета есебінен бөлінген.

Ал инвестициялық бағдарлама есебінен 387,4 миллион теңге, бюджет есебінен 1 558,5 миллион теңге қарастырылған.

"Жылу энергетика кешендерінің жоспары бойынша  жылыту маусымы кезеңінде 1,250 миллиард текше метр газ тұтынылады. Энергетика министрлігі  облысқа қажетті 24,4 мың тонна әлеуметтік мазут бөлді, – дейді Б.Қорғанбаев.

Облыста 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық  бар. Олар 1 737 әлеуметтік нысан мен 1649 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етіп келеді.

 Былтыр қыста Жаңатас қаласында жылыту маусымында бірқатар қиындықтар туындаған еді. Негізгі проблема жылу желілерінде болмағанымен, оған ресімдеу жұмыстары себеп болған. Атап айтсақ, мемлекеттік сатып алу жұмыстары кеш жүргізілгендіктен, мазут кешігіп жеткізілген. Соның салдарынан өткен жылы жаңатастықтарға уақытылы жылу жетпеді.

Жауаптылар биыл мұндай кешігу болмайды деп сендіруде. Қажетті отынмен қамту процесі өз сәтімен жүруде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу